Бүгін Ақтауда жаңаөзендік жастар жақын арада қолданысқа берілетін 5 жұлдызды қонақүйге жұмысқа тұру үшін мамандармен сұхбаттасты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Туризм колледжіндегі сұхбатқа қатысқандардың саны 100-ге жуықтады. Студенттер, оқу орнын жақында аяқтағандар мен жұмыссыз қалған жастар Ақтау қаласының сыртынан бой көтеріп жатқан «Rixos Aktau» қонақүйіне жұмысқа орналасуға ниетті.
Бұдан бұрын Жаңаөзенде жастардың 5 жұлдызды қонақүйде еңбек етуі үшін 3 мәрте кездесу өткізілген.
Осы уақытқа дейін мейрамханалар мен демалыс орындарында бармен қызметін атқардым. 8 жылдық тәжірибем бар. Одан әрі қабілетімді арттырып, 5 жұлдызды қонақүйде қызмет етсем деймін. Міндетті түрде мұнай саласында жұмыс істеп емес, туризм саласын үйренсек өзіміздің орта және шағын кәсібімізді дөңгелете аламыз деп ойлаймын. Ол үшін әуелі жұмыс берушілердің төлейтін жалақысына көндігіп, тәжірибе жинап, қыр-сырын үйренгеніміз абзал, - дейді Ғабит Ахметов.
Ал Ғабит секілді мейрамхана ісінде тәжірибелі мамандар сұхбаттан сүрінбей өтті. Сұхбат аяқталған соң жұмыс беруші тараптың өкілдері нақты қанша адам жұмысқа қабылданатынын мәлімдейді.
Бүгінде Жаңаөзен қаласында 2500 жұмыссыз азамат тіркелсе, соның шамамен 60 пайызы жастар. Бүгінгі «Rixos Aktau» қонақүйінің сұхбатынан өткен жастар, алдағы уақытта жол жерде жұмыспен қамтылатын болады, - дейді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Сәби МАЙЕМЕРОВ