1 жас 4 айлық сәби көпқабатты үйдің үшінші қабатынан құлап кеткен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сәби бас миының шайқалуы, сүйектерінің сынуы белгілерімен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатқызылған. Реаниматолог және нейрохирург сәбиді қарап, шұғыл түрде ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдаған. Бүлдіршінде қансырау белгісі байқалмағандықтан, қан құю қажеттілігі жоқ.
Демалыс күні де бес жасар бала 26 шағын аудандағы үйдің бірінде төртінші қабаттан құлаған. Қазір науқастың жағдайы ауыр, тыныс алу аппаратына қосылған.
Бұған дейін де Шығыс шағын ауданында екінші қабаттан құлаған бес жастағы балаға медициналық көмек көрсетілген. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Соңғы екі аптада үш баланың жоғары қабаттан құлауына байланысты дәрігерлер балаларға мұқият қарап, терезені ашық қалдырмауды ескертеді.