© Сайт архивінен
Алғаш рет Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаевпен 1986 жылы Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) кездестім, онда ол қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істейтін еді. Сол кезде алғашқы таныстығымыз ұзақ жылдық берік достыққа ұласып, бүгінгі күнге дейін жалғасады деп ойлаған жоқ едім.
Әңгіме барысында алғашқы минуттан бастап оның арынды жігері мен өзіне деген сенімділігі маған әсер етті. Партия ұйымдарын бірге аралап, мұнай өңдеу зауыты, балық комбинаты, құрылыс трестері, машина жасау зауыттарының еңбек ұжымдарының мүшелерімен кездесу кезінде оның сол мекемелерге жиі қатынайтыны, жергілікті проблемаларды жақсы танитын және оларды ертеңге қалдырмай, жедел шешуге тырысатыны байқалды. Адамдар оған сенетіні анық сезілетін. Бұл шағын қала облыс орталығы болса да, қалалықтар бір-бірін жақсы білетін.
Равиль Тәжіқараұлы өзінің еңбек жолын 16 жасынан Гурьев (Атырау) облысы Мақат ауданы Доссор елді-мекенінде автокөлік, трактор және мұнайға қажетті кұрал-жабдықтарды шығаратын зауытта слесарьдің шәкірті болып бастап, 5 жыл бойы слесарь болып жұмыс істеп, «коммунистік еңбек екпіні» жоғары атағына ие болған. Бұл «жұмыс университеттері» оның қиын өмірлік жолында қоғамдық және мемлекеттік қызметте бірінші тұлға болуына мүмкіндік берді.
Облыстық комсомол комитетінің, аудандық және қалалық партия комитеттерінің, бірінші хатшысы, облыс басшысы, Қазақстан тарапынан «Теңізшевройл» атты қазақстан-америка БК бірінші директоры, мұнай және газ өнеркәсібінің бірінші министрі болды.
Равиль Тәжіқараұлы үлкен көп балалы Шырдабаевтар отбасында тәрбиеленді, әке-шешесінің тірегі болды. Жауапкершілік сезімі, мақсаттылық және кішілерге үлгі болу, тағы басқа асыл қасиеттері ана сүтімен, отбасылық дәстүрлермен қалыптасқан.
Шырдабаевтар отбасының тарихы ғасырлар тереңіне кетеді және Каспий теңізінің солтүстік жағалауының даму тарихымен тығыз байланысты. Равильдің егіз аталары Алдоңғар мен Шырдабай дәулетті, өз туыстарына ғана емес, іргелес жатқан елді мекен тұрғындарының да үлкен құрметіне бөленген белгілі адамдар болған.
Солтүстік Каспий маңында ХХ ғасырдың басында мұнай өнеркәсібінің пайда болуына байланысты Шырдабайдың ұлдары еңбек жолдарын «Ағайынды Нобель» компаниясының мұнай кәсіпшілігінен бастаған. Дәл осы уақыттан Қазақстанның мұнай саласында Шырдабаевтар әулеті өкілдерінің еңбек өтілі басталып, осы уақытқа дейін жалғасып келеді. Егер Шырдабаевтардың мұнай саласындағы еңбек өтілін есептейтін болсақ, 1200 жылдан асады. Бұл есеп жыл сайын өсіп келеді, өйткені олардың бесінші ұрпағы да осы халық шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр. Бұл еңбек әулетінің ғұмыры Қазақстанның жер қойнауында мұнай баррелі барда жалғаса беретін болар. Бұған Равиль Тәжіқараұлының өмір жолы дәлел. Бұл патриотизм, азаматтық белсенділік, мемлекеттік мүдделерді қорғау, қоғамның өндірістік әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешудің озық үлгілеріне толы өнегелі жол.
1989 жылдың маусымында Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласында ұлтаралық қақтығыс, көліктерді өртеу сияқты жаппай тәртіпсіздік оқиғалары болды. Қала билігі бағынбаған халықтың алдында әлсіздік көрсетті. Бұл оқиға 16 маусымнан 17 маусымға қараған түні болды, жағдайды реттеу үшін қалаға ел басшылығының өкілдері келді. Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші басшысы туралы мәселе көтерілді. Оның орнына жұмыс тәжірибесі бар, жігерлі, кадрларды, қала тұрғындарын, өндірісті, жергілікті ерекшеліктерді білетін адам керек болатын.
1989 жылы 22 маусым күні сайланған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев маған (сол кезде мен ОК ұйымдастыру бөлімі төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істедім) өз атынан Жаңаөзенге қалалық партия комитетін басқаруды Р.Шырдабаевқа ұсынуды тапсырды. Р.Шырдабаев соңғы жылы жергілікті облыстық басшылыққа жақпаса да, «Теңізмұнайгаз» бірлестігінің техникалық мәселелер жөніндегі бас инженерінің орынбасары болып жұмыс істейтін.
КК ОК пленумынан кейін, жұмысына ОК мүшелігіне кандидат ретінде қатысқан, Равиль Тәжіқараұлына Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы күтпеген жағдай болды.
Бірақ Жаңаөзен қалалық партия комитетінің басқару ұсынысын сабырмен, іскерлік байыппен қабылдап, айтылған жерге бірден ұшып кетті. Кейінірек, бір жылдан соң, әңгіме барысында КСРО Мұнайгазқұрылыс министрлігінің «Теңізмұнайгаз» бірлестігі басшысының атына Р.Шырдабаевты Ирактағы «Мұнайгазқұрылыс» тресін басқарушының бірінші орынбасары ретінде тағайындау үшін оны жіберу туралы шақыру хаты болғаны анықталды. Бұл шешім Равиль Тәжіғараұлының жоғары моральдық қасиеттерін, патриоттық сезімдерін, үлкен азаматтық және мемлекеттік жауапкершілігін көрсетеді.
Ол ата-бабаларының жерінде қан төгіліп, ғасырлар бойы қонақжайлылық пен әртүрлі ұлт адамға деген құрмет орнаған Жаңаөзен оқиғаларына немқұрайды қарамады. Қандай да бір салдарынан қорықпай, батылдық танытып, қаланың тағдыры, оның болашағы үшін барлық жауапкершілікті өзіне алды.
Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев таңдау жасағанда қателеспепті.
Р.Шырдабаев балама негізде қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, алғашқы күннен бастап жұмыс кабинетінде түней жүріп, адамдардың сеніміне қол жеткізе білді. Оның әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық және этностық проблемаларды шешудегі стандарттық емес іс-әрекеттері қалада тұрақты және қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Оқиғадан үш апта өткеннен кейін Равиль Шырдабаев республика басшылығына Жаңаөзендегі төтенше жағдайды тоқтатып, қаладан ішкі әскер бөлімдерін шығару туралы өтініш білдірді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1989 жылы 24 шілдедегі шешімімен оның өтінішін қолдады.
Р.Шырдабаевтың Жаңаөзендегі қауырт еңбегі Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан елеусіз қалған жоқ. Равильді комсомол кезінен жақсы біле тұра, ол оның жоғары моральдық қасиеттеріне, Отан игілігі үшін риясыз қызмет етіп, күрделі мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыра алатынына тағы да көз жеткізді.
Тұңғыш Президенттің жеке тапсырмасы бойынша ол өзінің 25 жылдық табысты және тиімді жұмысының мерейтойын атап өткен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құрылған күннен басқарды. Айта кету керек, жас тәуелсіз мемлекетке әлемнің ең табысты компанияларының алғашқы үштігіне кіретін әлемге әйгілі мұнай корпорациясының келуі біздің елімізге инвестицияның қуатты ағынын ашты.
Бұдан кейін Равиль Тәжіқараұлы үкімет құрылымында алғаш рет құрылған мұнай және газ өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындалды. Министрлік халықаралық байланыстар орнатып, Мұнай мен газдың орасан қоры, қолайлы инвестициялық ахуалмен салынған қаражаттың қайтарылуына кепілдік беретін заңдар туралы кеңінен ақпараттандыра отырып, әлеуетті инвесторлар тартуда елеулі рөл атқарды.
Мұнай министрі Р.Шырдабаев Президенттің Еуропа елдеріне, Сауд Арабиясына ресми сапарларында бірге жүріп, осы елдердің мұнай-газ компанияларының басшыларымен жемісті кездесулер өткізді.
Ал 1994 жылдың қазан айы ол үшін бетбұрысты кезең болды. Р.Шырдабаев Атырау облысына басшы болып оралды. Министрлік лауазымынан кеткеніне бір сәт өкінбестен, өз еңбегінің оң нәтижелерін көре алатын ортаға еніп кетті.
90-шы жылдардың алғашқы бөлігі Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ауыр кезеңі болатын. Экономикалық дағдарыс, жұмыс істемейтін кәсіпорындар, тоқтап қалған құрылыстар, төленбеген жалақы, зейнетақы, жоғары инфляция қыспағындағы халықты жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етудегі іркілістер еңсені басып тұрды.
Равиль Шырдабаевты да өте ауыр мәселелер күтіп тұрған еді. Жаңаөзен оқиғаларынан кейін бұл қиындықтардан ол қорыққан жоқ. Бар күш-жігерін салып, жұмысқа кірісіп кетті. Жергілікті кадрлардың қабілетін, мұнай-газ аймағының даму бағытын жақсы білетіні, сондай-ақ шешім қабылдау кезінде Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың қолдауын сезіну оған батылдық беріп, жігеріне жігер қосты.
Алғашқы күндері облыс әкімі қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық нысандарды аралап, құқық қорғау органдарының ұжымдарымен, қоғамдық ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдерімен кездесті, қала құраушы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында және аудандарда болды. Бұл оған бар проблемалардың мән-жайын түсінуге, адамдардың пікірін білуге, оларға өзінің көзқарасын және дағдарыстан шығу жолдарын белгілеуге мүмкіндік берді.
Үш аптадан кейін облыстық активке дағдарысты еңсерудің мұқият пысықталған бағдарламасы ұсынылды. Оны іске асыру бойынша күнделікті, тынымсыз жұмыс басталды. Істің жағдайына қарай, кезекті бағдарламалар әзірленіп, іске асырылды. Екі жылдан кейін Атырау облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіші бойынша еліміздің ең үздік өңірлерінің үштігіне қосылды.
Тұңғыш Президент – Елбасы мемлекет дамуының әрбір кезеңінде жаңа міндеттердің тууына байланысты кадрларды іріктеп, оларға жаңа міндет жүктеп отырады. Бұл жолы Равиль Тәжіқараұлына Қазақстан Республикасының Украинадағы және Молдовадағы Төтенше және Өкілетті елшісі болу туралы күтпеген ұсыныс жасады.
Бес жыл белсенді нәтижелі жұмыс дипломатиялық қызметтің құпиясын тануға, украин, молдован және қазақ халықтары арасындағы тарихи байланыстарды қарқынды нығайтуға мүмкіндік берді. Оның табиғи коммуникабелділігі, адамдармен ортақ тіл табуы, осы мемлекеттер өңірлерінің басшыларымен, украин және молдова билігімен іскерлік байланыстарды қысқа мерзімде жолға қоюға септігін тигізді.
2003 жылы қазан айында Президент Н.Ә.Назарбаев СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Р.Шырдабаевқа Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша халықаралық келіссөздерге қатысатын Қазақстанның арнайы өкілі міндетін жүктеген еді. Оның дипломатиялық жұмыс тәжірибесі, келіссөздер жүргізу қабілеті кез келген деңгейде нәтижелі болды.
Белгілі болғандай, КСРО тарауына дейін Каспий теңізі екі мемлекетке: Кеңес Одағы мен Иранға, енді бес елге – Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанға тиесілі болды. Олардың алдында әділ, өркениетті, халықаралық құқық пен әлемдік тәжірибе қағидаттарына негізделген теңіз бөлімі міндеті болды.
Келіссөздер 1991 жылдан 1994 жылға дейін жүргізіліп, негізінен теориялық сипатқа ие болды. Уақыт тез арада шешім қабылдауды талап етті, келіссөздер Каспий маңы елдерінің астаналарында кезекпен өтті. Әр мемлекеттің Каспий бөлімінің өз нұсқасы болды. Кейіннен арнайы мемлекетаралық комиссия құрылды, оның жұмысына 2003 жылдың желтоқсанында Тегеранда алғаш рет Р.Шырдабаев қатысты.
2018 жылы 12 тамызда Ақтауда Каспий маңы мемлекеттері басшыларының тарихи саммиті өтті, онда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға бірауыздан қол қойылды. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Конвенция Каспий теңізінің конституциясы болып табылады». Ол жағалаудағы бес мемлекеттің құқықтары мен міндеттемелеріне байланысты барлық кешенді мәселелерді реттеу, сондай-ақ өңірдегі қауіпсіздік, тұрақтылық пен гүлденудің кепілі ретінде мойындалды, – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті. Мұнайшылар әулетінің лайықты өкілі Равиль Шырдабаев қатысқан, көп жылдық қиын жұмысқа нүкте қойылды. Саммиттің қорытындысын ол көптен күткен жеке қуаныш ретінде қабылдады.
2004 жылдың маусымында Президенттің тапсырмасымен Р.Шырдабаев Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың сайлау тізіміне енгізілді. Қараша айында депутаттық күндер басталды. Кеңес заманында ол бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Енді депутаттық негізгі кәсіби қызметіне айналды. Ел бойынша, шетелдерге сапарлар, сайлаушылармен көптеген кездесу, заң шығару жұмысы, жұмыс топтары, комитет, палаталық отырыс, республикалық элитамен ресми және бейресми қарым-қатынас – барлық жерде ол өзін «судағы балық» ретінде сезінді. Оның орасан зор тәжірибесі, экономика ғылымдарының докторы ретіндегі ғылыми танымдары оған әртүрлі аудиторияларда, парламенттік тыңдауларда, көптеген конференцияда, нақты ұсыныстары бар және талқыланған мәселелер бойынша мұқият талдаулар жасауға мүмкіндік берді.
Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде Равиль Шырдабаев біздің елде ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал тұлға болды. Ол Қазақстан Компартиясының ОК құрамында, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 10 және 11-ші шақырылымының депутаты болған елдің қоғамдық өміріне белсене қатысты. 3-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты, сондай-ақ «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды. Өзінің нәтижелі еңбегі үшін Равиль Тәжіқараұлы 1-дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен, сондай-ақ КСРО және Украина ордендерімен марапатталған. Ол Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметтің және мұнай-газ салаларының еңбек сіңірген қызметкері болып табылады. Оған Мақат, Махамбет аудандарының, Атырау қаласы мен Атырау облысының және АҚШ-тың Балтимор (1982 ж.) мен Даллас (1992 ж.) қалаларының Құрметті азаматы атағы берілді.
Р.Шырдабаев бүгінде зейнет демалысында. Өзінің еңбек жолында кандидаттық және докторлық диссертацияларын дайындау барысында жинақталған жеке мұрағатын зерттеуге кірісті.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор, бірқатар халықаралық және республикалық академияның академигі Равиль Тәжіқараұлы 120-дан астам ғылыми-зерттеу жарияланымдары мен бірқатар кітаптың авторы.
Ол үстелге отырып, бұрынғы шенеуніктердің абсолюттік көпшілігі сияқты мемуарлар жазбай, нағыз энциклопедиялық сипаттағы зерттеулермен айналысты.
«Мұнай кеше, бүгін, ертең» атты кезекті кітабы Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің 110 жылдығы қарсаңында екі жылдан соң кең ауқымды оқырмандар назарына ұсынылды. Кітаптың тұсаукесері 2009 жылдың қыркүйек айында Атырау қаласындағы «Теңізшевройл» БК конференц-залында, ал қараша айында Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетінде өтті. Кітапты оқырмандары, әсіресе ғалымдар, кәсіби мұнайшылар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері жастар жылы қабылдады. Бұл еңбекке әлемге әйгілі саясаткерлер, ғалымдар мен көрнекті мұнайшылар Е.М.Примаков, Б.Е.Патон, В.Ю.Алекперов, В.Г.Мартынов, В.С.Черномырдин және С.Е.Чакабаев жоғары бағасын бергенін атап өткен жөн.
Сәл кейінірек «Қазақстанның мұнайы. Ғасыр тарихы» және «Каспий» кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптар тек кәсіби мамандарға ғана емес, сонымен қатар көпшілік оқырманға да қолжетімді және түсінікті тілде жазылған мазмұны мен ауқымдылығы жағынан бірегей болды.
Бүгінде өзінің 80 жылдық белесіне қадам басқалы тұрған Равиль Тәжіқараұлы барлық саяси және экономикалық оқиғаларды қалт жібермей, қадағалап отырады.
«Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» және тағы басқа газеттерде ұстаздарына, нағыз еңбеккерлерге, өндіріс командирлеріне, мұнай және газ кен орындарын алғашқы ашушыларға арналған мақалалары жарық көрді.
Бір жолы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев, маған былай деді: «Міне, сен қазір зейнеткерліктесің, немен айналысасың, кіммен араласасың? Мен ең бірінші Равиль Шырдабаевты атадым. Сол кезде Елбасы ол туралы «беделді адам. Азамат» деп ілтипат білдірді.
Менің ойымша, осы екі сөзбен-ақ Равиль Тәжіғараұлының болмыс-бітімі айтылып тұр.
Равиль Тәжіғараұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, ұзақ жылдар бойы бақытты өмір мен денсаулық тілеймін!
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері