Маңғыстау өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында «Каспий» АҚ басқармасының төрағасы А.Меңдібаев, Ақтау қалалық кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Б.Сапаның қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті. Басқосуда өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тежеу әрі тұрақтандыру, әлемде өршіп тұрған қатерлі індеттің ел аумағында таралуын алдын алу мақсатында іске асып жатқан қауіпсіздік шараларының тауар құнына ықпалы турасында сөз қозғалды.
«Қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі дүкендер мен базарларда азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы болып отыр. Өздеріңізге мәлім, ҚР Үкіметімен бекітілген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар. Аталған тізбеге бірінші сортты ұн, бірінші сортты ұннан жасалған нан, қарақұмық, картоп, сәбіз, жуа, қырыққабат, секер секілді халық күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері кіреді. Қазіргі таңда әр апта сайын дүйсенбі және бейсенбі күндері қала әкімдігінің өкілдері аталған азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстау мақсатында мониторинг жүргізеді. Қызанақ пен қияр құнының қымбаттауы халықтың наразылығын туыдырғаны мәлім. Қызанақ пен қияр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енбейді. Десек те, қияр-қызанақ өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін дүкен иелері, тасымалдаушы кәсіпкерлермен жүздесіп, өзара кеңес құрдық. Бүгінгі таңда көршілес елдер аумағында коронавирус індетінің жаппай әрі қауырт таралуына байланысты мемлекет шекараларында санитралық-бақылау пункттері күшейтіліп, уақытша жабылған еді. Осы жағдай өңірдегі азық-түлік бағасының өзгеруіне өзіндік әсерін тигізгені жасырын емес. Бірақ жүргізілген бақылау мен талдау жұмыстарынан кейін баға тұрақтанды. Кеше облыс әкімдігінің жанындағы жедел штаб жиналысы аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын толықтыру үшін , атап айтар болсақ картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат секілді халыққа аса қажетті көкөніс өнімдерінің қорын молайту бағытында жеке кәсіпкерлер әрі тасымалдаушы мекемелермен келіссөздер жүргізілді», - деп атап өтті Ақтау қалалық кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Бауыржан Сапа.
Б.Сапа қызанақ пен қияр бағасының күрт өсуіне байланысты ерекше бақылау орнағанын баса айтты. Бөлім басшысы аталған көкөніс өнімдерінің негізсіз өскендігі жайлы облыстық ҚР Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне хат жолданғанын мәлімдеді. Ал қала аумағындағы 9 жылыжай сәуір-мамыр айларында ғана өнім береді екен.
«Кәсіпкерлер Түркіменстанға кіру үшін арнайы квота алатын еді. Ал қазіргі таңда Түркіменстан шекарасы жабылды. Осыған байланысты отандық тауар тасымалдаушылар шекара бойындағы алыпсатарлардан сатып алуда. Ал олар сәйкесінше жоғары бағамен саудалайды. Жергілікті сауда орындары өз бағасын қосады. Осылайша тасымалданған өнім құны аспандап кетеді. Бірақ біз қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру мақсатында барлық іс-шараларады атқарып келеміз. Өңірге Иран мен Әзірбайжаннан тасымалданатын көкөніс, жеміс-жидектер мен өзге де азық-түлік өнімдерінің үлесі 20 пайызды құрайды. Түркиядан тасымалданатын азық-түлік құны АҚШ долларымен бағамдалады», - дейді Б.Сапа.
«Каспий» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын тұрақтандыру үшін 100 млн теңге көлемінде қаржы қарастыруда. «Асар-С» базарынан көтерме саудамен айналысатын бес ірі тасымалдаушы компаниямен келісімшарт жасау көзделіп отыр. Халықты алдыңғы кезектегі қажетті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету және оның бағасын бір деңгейде ұстау үшін бідің тараптан кәсіпкерлерге қарызға қаражат беріледі. Нақтылар болсақ, өңірге жуық арада 365 тонна картоп, 70 тонна жуа, 110 тонна сәбіз, 70 тонна қырыққабат тасымалданады. Тұрақтандыру қорындағы қаражат алдағы уақытта ұлғаяды. Тағы айта кетер дүние, облыс әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік ететін жедел штаб құрылған еді. Оған дейін біз арнайы топпен Өзбекстан еліне іссапарға аттанған едік. Өзбекстандық кәсіпкерлермен де өңірге қажетті азық-түлік, көкөніс және жеміс-жидекті тасымалдау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Ресеймен де, еліміздің өзге өңірлерімен бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр»,-дейді «Каспий» АҚ басқармасының төрағасы А.Меңдібаев.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өкілдерінің мәліметі бойынша қазіргі таңда департамент тарапынан талдау жүргізіліп жатыр. Талдау жұмыстары ақпан айынан басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Нәтижесінде қандай да бір заңға қайшы әрекеттер анықталып жатса алыпсатарлар қызметіне шектеу қойылмақ. Қазіргі таңда облыста 23 тауар тасымалдаушы компаниялар қызмет етеді.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ