Бір данышпанның «журналист — бәрінен жартылай ғана білетін маман» дегені бар еді. Түбінде сол «жартылайдың» өзін дәлелді ақпарға толтыру үшін сала мамандарын «қуалап» жүруге тура келеді. Кейіпкердің қызмет-міндеті жөнінде ежіктеп жазуда алдымен жазушының өзі толықтай «сусындаған» соң қалам ұстағаны жөн емес пе? Өйтпегенде, оқырманнан «мынау не дейді, домбырасы не дейдіні» естіп қалу қаупі төнеді. Аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон полициясы туралы білерім һәм білмейтінімді «арқалап» аға инспектордың кабинетін жағалағаным да сондықтан. Орта жастағы Қадірбек есімді жігіт ағасының бұл қызметке келе қойғанына көп болмапты. Сұқбат барысында барымен «бөле жеуге» тырысты.
─ Қадырбек Сапарбекұлы, айтыңызшы, осы лауазымға қашан келдіңіз? Жұмыс барысы қалай болып жатыр?
─ Мен бұл қызметке үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап тағайындалдым. Штат бойынша тобымызда үш инспектор жұмыс жасауда. Атқаратын басты қызметіміз – достастық (ТМД) елдерінен келген шетелдік азаматтарды уақытша және тұрақты тіркеуге алу. Еңбекші көшіп келушілердің құжаттарын рәсімдеу. Уақытша тіркелуші азаматтар алдымен өз атынан немесе үй иесі атынан арыз толтырады. Арызда көрсетілген мерзім бойынша визаны бір айға созып береміз. Тұрақты тіркеуге тұрғысы келетін шетелдік азаматтарға бірнеше құжат дайындау жүктеледі. Олардың құжаттары екі ай ішінде тексеріліп, көші-қон полициясының шешіміне сай тіркеуге алынады. Және міндетті түрде он күннен аспай ықтияр хатқа құжат әзірлеуі тиіс.
─ Ыхтияр хат шетел азаматтарының бәріне бірдей беріле ме?
─ Ықтияр хат шетел азаматтарына 10 жылға берілетін құжат. Ол азаматтық алғанға дейін тұрақты тұруға мүмкіндік береді. Оны біздің жергілікті көші-қон полициясынан алады. Ол үшін тұрғылықты жерге тіркеуге отыру қажет. Ықтияр хат шетел азаматтарына шекарадан визасыз өтіп шығуына, еркін жүріп тұруына жол ашады.
─ Шетелдіктердің қазақ еліне келу және кету мерзімдері қандай?
─ҚР аумағына уақытша келген шетелдіктер ратификацияланған халықаралық шарттары бар елдерден визада көрсетілген мерзімге дейін, мерзімі көрсетілмеген жағдайда 30 тәулікке дейін тіркеуге отырады (оның ішінде Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан), ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін 90 тәулікке дейін орналасуға рұқсат етіледі (оның ішінде Ресей Федерациясы, Беларусия және Қырғызстан).
─ Бұрынғы көші-қон мен қазіргі міндеттеріңізде өзгешелік бар ма?
─ Қазіргі заманауи өзгерістерге еңбекші көшіп келушілерден мысал келтіруге болады. Бұрынғы заң бойынша еңбекші көшіп келушілер бізден үш айға рұқсат алғаннан кейін келесі ай мерзімін ұзартатын кезде медициналық тексерістен өтетін еді. Ал, қазір шеттен келгендерге келген күннен бастап медициналық тексеріс талап етіледі яғни, көші-қон полициясының рұқсатын алғанға дейін. Тағы бір өзгеріс, уақытша тіркеу мерзімі қысқарды. Бұрын 60 күнге дейін ұзартуға болатын еді. Қазір 30 күн. Яғни, бұрын Ресей, Беларусияға 180 күн уақыт берілетін болса, қазір 90 күн. Сол сияқты бұрын Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне 60 күн белгіленген еді, қазір 30 тәуліктен аспайды.
─ Мигранттардың дені көбіне қай елдерден келеді?
─ Қазақстан мигранттарды көп қабылдайтын мемлекеттің бірі. Мұнда жұмыс іздеп келушілер көбіне көрші Өзбекстан, Қарақалпақстаннан келетін адамдар. Соның 98 пайызы құрылысшылар. Бір үйге жұмысшы есебінде 5 шетелдік азаматты қабылдауға ғана рұқсат етіледі. Келген азаматтар ішкі істердің криминалистика бөлімінен толық тексерістен өтеді. Яғни, саусақ іздерін алып, суретке түсіреміз. Бір сөзбен айтқанда, есепке алынады. Қазіргі таңда Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан басқа елдерден еңбекші көшіп келуші боп құжат рәсімдеп жатқан адам жоқ.
─ Сонда еліміз екі қолға бір күрек іздегендердің бас тірейтін орны болды ғой...
─ Алдыңғы жылмен салыстырғанда осы жылы өзге елден келушілер саны күрт өсті. Мәселен, 2016 жылдың 6 айында ТМД елдерінен Мұнайлы ауданының аумағына - 16660 (2015 жылы 4476) шетел азаматтары уақытша тіркеуге алынды. Ал, осы аралықта аудан аумағына тұрақты тұруға барлығы 811 (2015 жылы 741) азамат тіркелді.
─ Салық төлеуден қашпай па?
─ Барлығы заң бойынша іске асырылады. Еңбекші тап үйдің иесімен келісімшарт жасап, осы көші-қон полициясы арқылы сол үйде жұмыс жасауға рұқсат алады. Мысалы, бала бағушы, құрылысшы, үйбике тәрізді жұмыстарға жалданады. 101-205 мемлекеттік салық бюджетіне үш айға 12726 теңге төлейді.
─ Ал, заңнаманы бұзғандар ше?
─ Қазақстан Республикасында көші-қон заңнамаларын бұзған 935 (2015 жылы 724) азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ҚР аумағынан 26 шетелдік азамат тысқары шығарылды (2015 жылы 18). Еңбекші көшіп келуші боп тіркелген 554 азаматқа (2015 жылы 191) рұқсат берілген болса, оның 59-ы (2015 жылы 18) рұқсат қағазын создырды.
─ Бюджетке қанша салық түсті шамамен?
─ Мемлекет бюджетіне 7,801,038 (2015 жылы 2,485,428) теңге өндірілді.
─ Уақытша тіркеуге бес күн ішінде отыру керек пе?
─ Иә. Ал, бұл уақыттан өтіп кеткен жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық анықталған жағдайда үш тәуліктің ішінде ескерту көзделген. Бұдан да асып кеткен жағдайда 517-баптың 2-бөлігі негізінде соттар қарайды.
─ Дәлізде кезек күткендер көп екен...
─ Бұл жердегі жұмыс халықты құжаттандыру, солардың қағаздарын рәсімдеу. Ал, бұрынғы атқарған жұмысымда шетелден келген заң бұзушылықтарды анықтап, құжаттары сәйкес келеме еңбек етуге, келмей ме, мерзімдері дұрыс не бұрыстығын анықтайтын едік. ҚР-на заңды, заңсыз кіретіндер бар. Сол бойынша жұмыс жасайтынбыз. Бұрынғы жасаған жұмыс орнымда штат бойынша 59 қызметкер жұмыс істейтін болсақ, мына жерде 3 қызметкермен мынадай халқы көп ауданды қамтамасыз ету қиындау болып тұр. Бір күнде 200-ден астам адам келеді құжат тапсыруға. Әсіресе, Атамекен, Басқұдық, Қызылтөбеден ағылатындар көп. 50 пайызы атамекендіктер.
─ Сұқбатыңызға рахмет.