Сонау арғы сақтар, ғұндар, берісі көктүріктер, Алтын Орда дәуірінен бастап ата-бабаларымыз «бірлік болмай, тірлік болмайтынын» бағамдай білді. Осынау ұлан-ғайыр далаға иелік етіп отырмыз десек те, «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халық даналығын еріксіз еске аламыз. Бүкіл дүние жүзінің картасынан ойып тоғызыншы орын алып, Ұлы Дала елі атанып отырсақ, оның да түпкі негізі бар. Қазақтың Ұлы Даласын жайлаған түркі тайпалары тарихтың неше алуан алмағайып кезеңдерінде бастарын қосып, Алаштың ақ туының астына бас біріктіре білді. Сол арқылы жер бетінен жойылып кетпеді, елі мен жері, тілі мен ділін де сақтап қала білді. Олар үшін даңқты ата-бабалардың ерлік, бірлік дәстүрлерін кіршіксіз сақтап, елді, жерді көздің қарашығындай қорғау басты өмірлік қағидаға айналды. Ал мұның өзі әрбір дүниеге келген сәбидің ерте есейіп, халқына қалқан болуына, бірлік арқылы ғана жеңіске жетуге болатынын ерте бастан түйсінуіне баулыды.
Сондықтан да ерте замандардан қазақтар қоғамында бірлік – елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Ел тізгінін қолына ұстаған адамдар – ақсақалдар, билер, хандар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген. Ру мен тайпа арасындағы ұрыс-керіс, барымтаға тыйым салып, тентек-телілерді тезге салып отырған. Бетіне басу, ұялту арқылы тәрбиелеген. Әйгілі Әйтеке бидің «Жігіттің жақсысы – өзі де сөзге тоқтай білген, өзгені де сөзге тоқтата білген» деуі жайдан-жай емес. Біз бір ауыз сөзге, ақылға, жөн-жобаға, елдік өрелі пайымға жүгінген есті де текті халықпыз.
Сондықтан бүгінгідей жаңарған қоғамда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел бірлігі мен ынтымағын сақтау тұрақтылық пен өркендеудің басты шарты екендігін өз сөздері мен құттықтауларында қазақстандықтарға үнемі айтып отыруы – биік тұлғалық қасиет пен көрегендіктің үлгісі. Мемлекет басшысы түрлі басқосуларда, алқалы жиындарда, Қазақстан халқына Жолдауында, Парламент және Ассамблея сессияларында және т.б. кем дегенде жылына 9 – 10 рет осы ізгі ойларын отандастарына арнайды екен.
Қазақстан халқы арасындағы бірлік пен ынтымақты негізгі тұғырнама ретінде айқындай келе, ел Президенті қазақ этносының рөлі жайлы былай дейді: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние». Қазір елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағында ел бірлігінің маңыздылығы жайлы еңбектер өте көп. Қазақ халқы отансүйгіштікке тәрбиелейтін зор этнофольклорлық мұраны қалыптастырған. Ал «фольклор дегеніміз – халық психологиясының айнасы» дейтін қағида ертеден айтылып жүр.
Егемен, тәуелсіз Қазақ елінде жалпы адамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, біртұтас мәдени жүйе қалыптастыру үшін өткен жолымызды, шыққан тегіміз бен биігімізді бағалай білуіміз қажет. Өйткені өткенін бағалай білмейтін ел келешегін де болжай алмайды. Біздің өткен жолымыз, шыққан биігіміз Еуразия даласын дүбірлете өтіп, Еуропа әлемін оятқан қаһармандық пен қайсарлықтың, ұлттық өршіл рух пен жасампаздықтың үлгісі.
Ұлттық дәстүрі мен мәдениеті дамыған ел кез келген өркениетті деген елден оқ бойы озық тұрады деген ұғымда да үлкен гәп бар. Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін заң нормаларын дала өркениетіне сіңдіру негізінде дайындалып, сол кезеңдерде Ата заңға айналған кодекстердің ішінде: «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бұқара халықтың тіршілігіне қажетті гуманистік идеялардан туындаған әлеуметтік мәні зор осынау қағидалар дала өркениетінде ұрпақтар сабақтастығының болғанын дәлелдейді.
Ұлы дала елінде инновация ұғымы ертеден, сонау Қасымханның тұсында Керей мен Жәнібек хандар Шу мен Талас бойындағы елмен шектелмей ұлы даланың әр түкпірінде тарыдай шашылған ұлыстардың басын біріктіру үшін, қазірше айтқанда, мемлекеттік басқару мен елді біріктірудің жаңа үлгісін, экономикалық ықпалдастықтың жаңа түрін қалыптастырудан басталғанын байқатады. Осының арқасында қысқа уақыт ішінде жаңа хандыққа біріккен халық саны миллионға жеткен. Инновацияның түрлері көп емес пе? Мұны ұйымдастырушылық инновация деуге және халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтудың құралы деп есептеуге болады. Халқымыздың Қазақ хандығының астында бас құрауға тайлы-таяғы қалмай шұбырып, асқан құлшыныс танытуы бір жағынан көптен күткен арманның іске асуы болса, екіншіден тарихтың тартуы десе болғандай. Осы ынтымақ елдің елдігін танытты, туырлығы бір қазақ атаулыны бір шаңырақтың астына топтастырды. Сол арқылы Атам Қазақ өзінің тарих сахнасындағы алар орнын айшықтады, алысқа да, жақынға да өзін мойындата білді.
Халқымызда ойшыл ғұламалардың, дала философтары атанған абыздардың еңбектері ерекше орын алады. Олардың ішінде Асан Қайғы толғауларында, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» адамның тәні мен жаны және оның өмір сүретін ортасындағы қарым-қатынастар жүйесі жайлы жазғандары ерекше бағалы. Бұлардан ертеректе өмір сүрген ұлы дала ғұламалары Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн т.б. жан туралы түсініктерге сүйене келіп, дүниедегі тіршіліктің басқарушысы, реттеушісі жүрек десе де, мидың атқаратын рөлін жоққа шығармайды. Оның адам есіне, ойлауына байланысты ой-түйіндері мен келтірілген нақты мысалдары қазіргі ғылым тұрғысынан дәйекті де, нанымды. Осындай психологиялық ой-пікірлерді екінші дала ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулати да айтқан. Оның қазақ халқының өзіндік психологиясы, ел басқару, дін мен денсаулық, ұрыс жүргізу туралы айтқандары психологиялық тұрғыдан ерекше назар аудартады.
Қазақ халқының азулары алты қарыс философ-жыраулары – Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Шал ақын, Бұқар Қалқаманұлдарының көшпенділер психологиясының сан қырларын суреттейтін толғаулары, дала дипломаттары атанған ұлы үш биіміз Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің сөздерінің ішінде туған жер мен Отанға арналған, ел бірлігі мен ынтымағына арналған ойлары өте көп екенін көруге болады.
Ендеше бұл ұғымдардың әр қазақстандықтың өмірлік кредосына, ұстанымына айналды деуге толық негіз бар. Дегенмен де қоғам мүшелері қаншалықты оны ұғынады, бағалайды? Әрбір жеке адам қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтаудағы өз жауапкершілігін сезіне ме? Әлде бұл тек мемлекеттік органдардың міндеті деп түсіне ме?
«Бірлік те ерлік сияқты сын сағатта сыналады» дейді дана халқымыз. Ақтөбе қаласында үстіміздегі жылдың 5 маусымында орын алған оқиға қоғамда еш үрей мен қорқыныш тудырған жоқ, керісінше, адамдарды біріктірді, мұндай опасыз іс-әрекетке қарсы тұрғызды, ниеттері мен көзқарастарының бір екендігін байқатты. Бұл оқиға белгілі бір деңгейде қоғамдық пікір тудырғанымен, ел ішіне іріткі сала алмады. Себебі соғысты, ашаршылық пен жұтты басынан өткізген қазақ халқы ел ішіндегі бірліктің қадірін жақсы біледі.
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ жастарының арасында қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы өзекті бола түспек. Ол үшін мемлекет пен әр жеке адамның өзара қатынастары заманауи жолдармен дамытылып, екі жақтық жауапкершілік негізінде құрылуы керек. Ендеше жеке адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың кейбір психологиялық аспектілеріне тоқталайық.
Мемлекет пен жеке адамның өзара қатынастарының сипаты жалпы қоғамның даму алғышарттары үшін маңызды көрсеткіш. Әр адамның тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуы, қоғамның даму тенденцияларымен тығыз байланыста қарастырылуы керек. Себебі қоғам – бұл адамдар арасындағы қатынастардың тарихи түрде дамып келе жатқан жүйесі, адамдардың бірге өмір сүру процесіндегі өзара іс-қимылының өнімі. Сонда, қоғам мен жеке адам бір-біріне өзара қызмет көрсететін, үзіліссіз бірлікте ғана тіршілік ететін құбылыстар екендігін түсінеміз. Яғни жеке адам өзі өмір сүріп отырған қоғамның өнімі болғандықтан оны түйсініп, бағалай білуі маңызды.
Адамның материалдық және рухани даму көрсеткіші, сапасы, мүмкіндіктері мен міндеттері нақты адамдардың, жеке адам мен қоғамның өзара күрделі қатынастарының нәтижесі ретінде ғана пайда болады. Сонда адамдар арасындағы құқықтық, материалдық, әлеуметтік жағдайындағы елеулі ерекшеліктер нақты осы айтылғандарға байланысты болмақ. Уақытқа, тарихи, географиялық, саяси кеңістікке, қоғам өмірінің объективтік және субъективтік факторларына байланысты жеке адамның негізгі көрсеткіштері бір-бірінен едәуір айырмашылықта болуы мүмкін. Осыған байланысты адамның кейбір құқықтары мен еркіндіктері, айталық өмір сүру құқығы және еркіндік құқығы, мысалы, қазіргі Еуропа жағдайында өзінің мазмұны бойынша Екінші дүниежүзілік соғысы кезімен немесе Ресейдегі пролетариат диктатурасының дәуіріндегі осы құқықтардан айрықша ерекшеленеді. Мысалы алдыңғы қатарлы технологиялардың дамуы және адам құқықтарының ерекше қорғалуымен ХХ ғасырдың басында көш бастаған орталық Еуропа әлемге фашизмнің нағыз жауыз, қанішер үлгісін таратты, адам еркіндігі мен өмір сүру құқығын жоққа шығарды. Ал қоғамдағы адами қатынастар тұрғысынан қарағанда тоталитарлы деп бағаланған пролетариат диктатурасы орнаған советтер қоғамы фашизм сияқты зұлматты әшкереледі және түп тамырына балта шапты. Советтердің бұл ұстанымын кейінірек бүкіл әлем қолдады. Демек, әр қоғамда өмір сүрген жеке адамдар үшін еркіндік пен өмір сүру құқығы ұғымдарының жария етілуі мен іс жүзінде қорғалуында айырықша ерекшеліктер болғанын көреміз. Сайып келгенде белгілі бір қоғамдық орталар тудырған жеке тұлғалар қатынастарының шиеленісуі жалпы әлемнің прогрессивті даму жолына түсуіне оң әсер еткенін тарих көрсетіп отыр. Біз, бүгінгі қазақстандықтар, салыстырмалы түрде жеңімпаз және ізгілікті қоғамның ұрпағымыз: фашизмді тудырған емес, жойған қоғамның ұрпағымыз. Ол – тарихи шындық. Қазақстан қоғамында еш уақытта адам еркіндігі мен өмір сүру құқы тапталмайды, керісінше, ол Ата заңмен қорғалған және кепілдендірілген.
Әрине, Кеңестер қоғамының да өзіндік кемшіліктері болды. Стлиндік-голощекиндік қолдан жасалынған зұлматтың нәтижесінде халқымыз тең жартысынан айырылып, өз жерінде азшылық болып қалды. Қазақ тіліндегі мектептер, балабақшалар жабылып, ұлттың басына қатер төнді. Ату, асулар етек алды. Осындай ауыр кезеңдердің өзінде Алаштың арыстары бас болып, қазақ жерінің аумағын сақтауға да, қорғауға да күш салды. Осы мақсат жолында елді ұйлықтыра білді. Сірә да аузы бір халықты ешкім жеңе алмайтыны белгілі. Жетпіс жыл бойғы күрестің соңы 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасымен бастау алып, 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасымен жалғасып, ақырында 1991 жылы еліміз өз Тәуелсіздігін жариялады. Сөйтіп, біз ата-бабалар ғасырлар бойы аңсаған арман-мұраттарға үлкен күрестер арқылы, әйтеуір бейбіт жолмен қол жеткіздік. Сұңғыла Әбіш Кекілбаев айтқандай, ендігі жерде «Тәуелсіздікті иеленуден оны сақтап қалу қиын» екендігін ұғынғанымыз, ол үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып жымдаса білгеніміз мақұл.
Мемлекет ретінде ұйымдастырылған қоғамда адамның жағдайын белгілейтін факторлар жүйесінде нақты мемлекетке ерекше маңызды рөл берілген. Мемлекеттің маңыздылығы – салыстырмалы тәуелсіздігімен және адам мен қоғамға қатысты елеулі дербестілігімен, қоғамдық қатынастарға әсер ете алатын өзінде бар тетіктерімен сипатталуында.
Зерттеушілер мемлекет бұл қоғамның ішкі құрылымы, халықтың аумақтық, заңгерлік және саяси бірігуін қамтамасыз ететін жалпы адам қоғамының ұйымдастырылуының ерекше түрі деп анықтама беріп келеді. Мемлекеттің ұйымдастырылуы жалпы қоғамның ресми, уәкілетті өкілі ретінде көрінуінде. Осыған байланысты, адам мен қоғам арасындағы қатынастар неғұрлым мемлекеттік-құқықтық сипатта болады, өйткені мемлекет қоғамның атынан шығады.
Мемлекеттік билік егемендігі принципінің арқасында кез келген адам мемлекет аумағының шегінде оның юрисдикциясында болады, яғни мемлекеттен туындайтын жалпыға міндетті ұйғарымдардың адресаты болады. Адамның нақты мемлекетпен тұрақты байланысы әдетте азаматтық (республикаларда) немесе бағыныстылық (монархияларда) институттарында өз көрінісін табады. Азаматтық пен бағыныстылық мәні кейбір айырмашылықтарына қарамастан бір болып табылады (формальды жағынан бағыныстылық адамның монархқа жеке бағыныстылығын білдіреді). Ол жеке тұлға мен мемлекет арасындағы тұрақты саяси-құқықтық байланыстың бар болуымен ерекшеленеді. Бұл байланыс тұлғаның нақты мемлекетке заңгерлік тиістілігін, адам тұлғасының мемлекет азаматының ерекше қасиеттерін алуын, азамат пен мемлекеттің өзара құқықтары мен міндеттері шеңберінің бар болуын, сондай-ақ мемлекеттің азаматты ел ішінде және оның шегінен тыс жерде қорғауын білдіреді. Азамат – бұл мемлекет және құқықпен қатынастағы тұлға. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік жылдары өзінің талай азаматының шетелде жүрген кезде құқығын қорғап, азаматы қандай жағдайға түссе де оны елге қайтару үшін барлық дипломатиялық тетіктерді қолданып, халықаралық беделін салды. Сондықтан да біз бақытты халықпыз, бақытты ұрпақпыз. Бізден кейінгі буынның болашағы баянды болуы жолында тәлім-тәрбиелік, ұлағаты мен тағылымы мол шараларды жандандыра беруіміз ләзім. Бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың, өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезім мен ұлтаралық келісім, төзімділік тәрізді қасиеттерді қалыптастыру басты идеяға айналуы керек.
Азаматтың ерекшеліктері адамның қоғамдағы жағдайын сипаттайтын маңызды белгісіне айналады. Мемлекет – өзінің азаматтары үшін белгілеген міндеттерін орындау, құқықтары мен еркіндіктерін пайдалануға жол ашатын заңгерлік және моральдық-саяси негіз.
Жеке адам мен мемлекеттің арақатынасы әр түрлі болуы мүмкін. Әділеттілік, адамгершілік, демократия идеалдары билік ететін қоғамда жеке адам мен қоғам арасындағы қатынастар үйлесімділікке ұмтылады. Мемлекет – әр түрлі әлеуметтік топтардың, жеке адам мен қоғамның мүдделерін келісудің қажетті құралы, қоғамдық мүдделерге бағынысты және қоғаммен бақыланатын ұйым ретінде қарастырылады. Адам, оның негізгі құқықтары мен еркіндіктері мемлекеттің қоғамдық өмірге араласуының түпкілікті мақсаты ретінде қарастырылады және сонымен бірге осындай араласудың шегі болып табылады.
Дегенмен де, халықаралық деңгейде мәдени-дәстүрлері мен моральдық-этикалық ұстанымдары әр қилы қоғамдардың өзара интеграциялану нәтижелері жеке адам мен мемлекет арасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілік тұжырымына қалыптасқан жағдайға байланысты өзгерістер енгізудің қажет болатынын көрсетеді. Үш мысал келтірейік. Бірінші, патшалық Ресеймен тығыз байланыстар орнату және артынан Советтер одағының қатарына ену мың жылдық тарихы бар моноұлтты қазақтар қоғамына көпұлттылық (полиэтникалық) ұғымын әкелді. Екі ғасырдан астам көп ұлттар қатар өмір сүрген қазақстандық қоғамда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Осы модель Қазақстан қоғамында 20 жылдай сынақтан өтіп, қазір әлемдік деңгейде оң бағасын алды. Осылайша, қазақстандық қоғамдағы әр жеке адам мемлекетпен келісе отырып, бұл интеграцияны прогрессивті дамудың құралы ретінде пайдалана бастады. Ассамблея – қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтты, ал өзге ұлт өкілдері қазақ ұлтын мемлекет құраушы ұлт ретінде мойындап, қиын кезде қол ұшын бергені үшін алғысын білдіруде. Екінші, көктегі тәңірге сыйынып, бабалар әруағын мойындаған қазақтар қоғамына осыдан он ғасыр бұрын ислам діні тарады және оның ішінде, өзінің салты мен дәстүріне жақын мазхабын қабылдаған қоғам сан ғасыр діни араздықты білмей ғұмыр кешті. Әйтсе де, пайғамбарларды (с.ғ.а.) жоққа шығару, әруақтарды мойындамау, бабалар өсиетінен қол үзу және т.с.с. жат ұғымдар қазақстандық қоғамға ене бастады. Бұл – халықаралық интеграцияның, өзге даму жолындағы қоғамдармен орнатылған байланыстардың салдары екендігін жақсы түсінуіміз керек. Мұндай интеграция кейбір жеке адамдардың жауапкершілік деңгейінен тайып, өзі өмір сүретін қоғамның негізгі ұстанымдарына қарсы шығуына әкеліп соқтыруда. Бір сөзбен айтқанда бұл – қоғамдар арасындағы рухани қақтығыстың көрінісі. Ол нәтижесінде қоғамда рухани хаос тудырып, мемлекеттік құрылымның негізгі принциптерінің жойылуына әкелуі ықтимал. Ендеше, әрбір жеке адам қоғам арқылы елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау үшін тағы да мемлекетпен мәмілеге келуі тиіс. Ол дегеніміз: қоғам өзінің бейбіт өмір сүруге деген талпынысын қамтамасыз етуді бүгінгі әлемдегі тарихи жағдайды, халықаралық қатынастарды ескере отырып, барлық қажетті шараларды қабылдауды өзі негізін қалап, құрған мемлекетке тапсыруы тиіс. Үшінші, интеграциядан келуі мүмкін тағы бір салдар – рухани көңіл күйге, мәдениетке, салт-дәстүрге елеулі әсері болуы мүмкін құбылыстардың қоғамға енуі. Ондайлардың бірегейі – бұл бір жынысты некелердің заңдастырылуы. Бүгінгі таңда қазақстандық қоғам үшін бұл мүлдем келіспейтін, санадан тыс, түсінісуге келуі мүмкін емес құбылыс іспеттес. Ең бастысы екі жақты – жеке адам мен мемлекет арасындағы жауапкершілік еш төмендемеуі шарт. Айталық, соңғы жылдары (2003 жылдан бері) Түркия мемлекетінде гей-парадтардың өтуі осы айтқанымызға куә. Бұл жағдай тәуелсіз және зайырлы мемлекет болғанына 80 жылдан асқаннан кейін осы елдегі кейбір рухани ұстанымдардың өзгеріске ұшырағандығын байқатады.
Жалпы отбасылық рухани ұстанымдары мен әр үйдің ішкі дәстүріне қатысты мемлекет, әлбетте, бейтарап позицияда болады. Жаһандану үрдісі нәтижесінде қоғамға сырттан енген псевдомәдениеттер мен ағымдарға қарсы тұра алатын бір-ақ дүние бар – ол қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, діні мен ділі. Мемлекет өзінде бар мәжбүрлеу тетіктерін бұл салада асқан байсалдылықпен қолдануы тиіс, себебі мұндай араласу асыра сілтеуге әкеліп соғатыны белгілі. Сондықтан бұл мәселеде жауапкершілік шекарасы айқын екендігін білген жөн: әр отбасы қандай рухани құндылықтарды дәріптейтініне және оның салдары қоғамдағы тұрақтылыққа қалай әсер ететініне сол отбасы мүшелері ғана жауапты болмақ.
Жоғарыда келтірілген үш мысал қазақстандық қоғам үшін аса маңызды негізгі қатынастарды қамтиды: Ұлттық, Діни, Рухани. Осы үштікке іштен не сырттан әсер ететін кез-келген ықпал қоғамдағы бірлік пен ынтымақ үшін сынақ болатынын әрбір қазақстандық түсініп және оның салдарының еліміздегі тұрақтылыққа нұқсаны болмауының жауапкершілік жүгін мемлекетпен бірге көтеруі тиіс.
Жеке адам мен мемлекеттің қатынастарын үйлестіру идеялары жекелеп алғанда құқықтық мемлекеттіліктің теориясы мен тәжірибесінде көрініс табады. Құқықтық мемлекет үшін барлық әлеуметтік субъектілердің, оның ішінде мемлекетпен, заңмен шартсыз байланысы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің адамның негізгі құқықтары мен еркіндіктерінің мызғымастығын, олардың қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар алдындағы артықшылықтарын идеялық, заңнамалық және ұйымдастырушылық түрде тануы тән.
Құқықтық мемлекеттің жалпы танылған өзге белгісі мемлекет пен жеке адамның өзара жауапкершілік принципін белгілеу және қатаң сақтау. Бұл принцип мемлекеттің жеке адам мен қоғамға қатысты өз белсенділігін заңнамалық шектеуінен, мемлекеттің азаматтардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттемелерді қабылдауынан, мемлекеттің лауазымды тұлғаларының қоғам мен жеке адам алдындағы өз міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілігінің іс-жүзіндегі шараларының болуынан көрініс табады. Ал өз кезегінде жеке адамның құқықтық мемлекеттегі еркіндігі бірегей емес, өйткені ол басқа адамдардың құқығымен, мүдделерімен және құқықтарымен шектелген және регламенттелген. Сондықтан жеке адамнан барлық құқықтық ұйғарымдардың сақталуы және оның мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерінің орындалуы талап етіледі.
Міне, философия мен психология ғылымдарының шекарасында жатқан осы аталған қарапайым қағидалар сан ғасыр қазақтар өмір сүрген Ұлы даланың мызғымас постулаты – «Ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты сақтау – тұрақты дамудың кепілі» деген қағиданың дұрыс екендігінің айқын дәлеліндей. Сондықтан, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтау әрбір жеке адамның, әрбір қоғам мүшесінің парызы екендігін ұмытпаған абзал. Ал қазақстандық қоғам үшін жаңа идеологиялық платформаның негізіне Бірлік пен Ынтымақ алынатын болса, бұл қоғамымыздың сан ғасырлық тарихына да, салтына да, діні мен діліне де сай және ұтымды болатыны сөзсіз.
Әрине, психологиялық шарт ретінде жоғарыда баяндалған тұжырымдар қазақстандық қоғамда күн сайынғы тіршілікте жүзеге асуда. Бірақ көпшілік үшін бұл өзінен-өзі солай болуы тиіс қарым-қатынастар сияқты көрінеді. Шын мәнінде, мұндай қатынастардың қоғамда идеалды және тұрақты орнығуы үшін бірнеше онжылдар кетуі әбден мүмкін екендігін өмір көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда қандай да бір мемлекетте жеке адам мен мемлекет арасында идеалды қатынастар орнаған деп айту қиын.
Адамзат өзінің тарихи дамуында негізгі екі мәселе төңірегінде мәңгі ізденісте: қандай жағдайда барлық адам бақытты ғұмыр кешеді және қалайша адамдар қоғамын тиімді басқаруға болады. Десек те, жеке адам мен мемлекет арасындағы қатынастарды дамытуға қарай жасалған әрбір тиімді қадамның тек өркендеуге жол ашатыны анық.
Бірлік пен ынтымақ Ұлттық келісімді, Дінаралық төзімділікті және Рухани құндылықтарды сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аса қажет, сондықтан қазіргі заманда бұл әрбір қазақстандықтың парызы болуы тиіс.
Қаныбек ЖҰМАШЕВ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы, «Құрмет» орденінің иегері.