©
Халқымызда «әр адам өз өмірінің құрылысшысы» деген әдемі сөз бар. Оны қай арнаға бұрғың, бояғың келеді, ерік өзіңде. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің өмір жолын тікелей теміржолға жалғаған жан. Жастайынан осы саладан күнелтіп келеді. Бүгінде «Құрметті теміржолшы» атағының, «Құрмет» орденінің иегері. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашовпен төл мерекесі қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.
─ Нәжімеден мырза, теміржол өте күрделі, қиын сала ғой. Соған қарамастан ірі жүйеде ырғақты жұмыс жасап келе жатқанынызға 35 жылға жуықтап қалыпты...
─ Иә. Уақыт жүйткіп барады. Мен 1978 жылы Гурьев теміржол көлігі техникумының күндізгі бөліміне оқуға түсіп, оны 1982 жылы бітіріп шықтым. 2 жыл әскер қатарында жүрдім. Еңбек жолым Атырау стансасынан бастау алды. 1984-1987 жылдары пойыздар қозғалысының жылдамдығын реттеуші, пойыз құрастырушысы, дөңес кезекшісі, станса кезекшісі қызметтерін атқардым. Ел экономикасының күретамыры дейді ғой, теміржолдың барлық сатыларынан өттім деуге болады. Талай-талай басшылық қызметтерде жасау бұйырды. 1987-1991 жылдары Гурьев темір жол бөлімшесінің бөлімше кезекшісі, торабтық дистанцияның пойыз диспетчері, 1991-1992 жылдары Маңғыстау станса бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім. 1992-1994 жылдары Маңғыстау станса бастығының жүк және коммерциялық жұмыс жөніндегі орынбасары, 1994-1996 жыл аралығында Маңғыстау станса бастығының бірінші орынбасары, 1996-1997 жылдары Ганюшкин, 1997-2001 жылдары Маңғышлақ, 2001-2003 жылдары Ақтау-Порт стансаларының, 2003 жылы Өзен және Жетібай стансаларының басшысы болдым. 2007 жылдың мамыр айынан бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның филиалы Маңғыстау темір жол бөлімшесінің директоры болып тағайындалдым.
─ Атырау өңірінде туып-өскен екенсіз. Маңғыстауға қай жылы келдіңіз?
─ Маңғыстау түбегіне 1990 жылы Маңғышлақ станса бастығының орынбасары болып келдім. 26 жасымда. Одан кейін станса бастығына көтерілдім. Әр жылдардағы жұмыс тәжірибемді жоғарыда айтып өттім. 2007 жылы Маңғыстау жол бөлімшесі құрылды. Яғни, Атырау жол бөлімшесінен енші алып, бөлек шықты. Өз алдына «шаңырақ құрды». Сол бөлімшенің тұңғыш директоры болдым. Содан 2010 жылға дейін басқардым да, белгілі себептермен басқа қызметтерге ауысып кеттім. 2010-2011 жылдары Өзен-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы құрылыс басқармасының бас менеджері, 2011-2012 жылдары «ҚазмұнайГаз» АҚ президентінің кеңесшісі, 2012-2013 жылдары Алматы-1 вокзалының бастығы, 2012-2014 жылдары Маңғыстау жол бөлімшесінің бірінші орынбасары қызметін атқардым. Яғни, 4 жылдан кейін Маңғыстау жол бөлімшесінің директорлығына қайта орналастым.
─ 2014 жылы Елбасының қолынан Құрмет орденін алған екенсіз..
─ Иә. Құрмет ордені жоғарғы марапаттың бірі ғой. Бірақ, бұл жалғыз менің ғана еңбегім деуге келмес. Бұл барлық теміржолшылардың тері. Неге десеңіз, Бейнеу-Тассайға дейін 420 шақырым. Онда бір ұшқан қарға жоқ. Су жоқ. Тек қана Тұрыш, Сам дейтін елді-мекендер бар. Соның үстінен теміржол өтеді. Қалған жері айдала. Бірақ, шаруа шаш етектен. Қысы-жазы соның басында жүрдік. Орынбасарларым, теміржолдың бөлім басшылары, басқа да мекеме басшыларымен ұйымдастыру жұмыстарын жүргіздік. Ол жаққа барғанда да жарық болса қане. «Движок» әкеліп қоямыз. Оны жағу үшін жанар-жағармай керек. Ол қыстыгүні екі сағаттан кейін сөніп қалады. Жарық жоқ болғасын рация да жасамайды. Ал, пойыздың келе жатқанынан адамдар хабарсыз. Жарық болмаған жерде байланыс қайдан болсын. Сондай қиындықтарды біртіндеп реттеп, екі жыл бойы арпалыстық. Енді биылғы көктемде сол жақтағы теміржол бойына жарық тартылды. Жұмыстар шамалы жеңілдеді. Әлі де қиындықтар жоқ емес. Бірақ, түгел шешіліп бітті деуге әлі ерте.
─ Бейнеу-Тассай аймағы Маңғыстау жол бөлімшесіне тиесілі ме?
─ Иә. 2015 жылы пайдалануға берілген Бейнеу-Жезқазған теміржол желісінің 274 шақырымы, яғни Бейнеу-Тассай аймағы Маңғыстау жол бөлімшесіне тиесілі. Аталған желіде 3 станса - Сам, Тұрыш, Құрсай және 8 бекет – Алтай, Теректі, Ноғайты, Сарша, Жарқұм, Тоқсанбай, Сәнкібай, Сағыр орналасқан. Жаңадан пайдалануға берілген теміржол телімі өңір халқының (Бейнеу, Сам, Тұрыш, Сыңғырлау елді мекендерінің) әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан ықпал етуде. Жаңа телімде қазіргі уақытта жалпы саны 120 қызметкер еңбек етуде. Бұл қызметкерлердің барлығы Бейнеу ауданының тұрғындары. Поезд қозғалысы қамтамасыз етілуде, әрбір стансада станса кезекшілері және бағыттау постының кезекшілері поезд қозғалысын 100 пайызға қамтамасыз етуде. «Достық» стансасынан кірген транзиттік жүктер Бейнеу-Жезқазған телімі арқылы Ақтау қаласындағы Теңіз портымен Еуропаға сапар шегуде.
─ Сонда қанша көлемде жүк тасымалы болды?
─ Бүгінгі таңға дейін жаңа тармақ бойынша 745 мың 187 тонна жүк жөнелтілсе, 1 млн 25 мың 773 тонна жүк қабылданды.
─ Аудандағы теміржол бөлімшесі туралы айтыңызшы. Құрамында қанша мекеме, жұмысшысы бар?
─ Соңғы есеп, облыс бойынша Маңғыстау теміржолында 7 мың, Мұнайлы ауданында 1300-дей теміржолшы бар. 20 шақты мекеме жұмыс жасайды. Оның ішінде «Теміржол Су», «Жолаушылар Тасымалы», «ҚазТрансСервис», «Вагон Сервис», «Кедентранссервис», «Қазтеміртранс», «ВЧД», «Қала маңы тасымалы», «Багаж бөлімі», «Тч», «ШЧ», «ВЧД», «Эч», «УПЧ» тағы басқа. Әр мекеме өз жұмысымен айналысуда. Маңғышлақ стансасының өзі теміржолшыларға арналып салынған ғой. Енді қазір Маңғыстау түбегіне ең бірінші теміржол келгеніне биыл 50 жыл толып отыр. Мақат стансасынан №137 СМП (құрылыс монтаждау пойызы), ал Ақтау қаласынан №66 СПМК (жылжымалы механикаландырылған құрылыс колоннасы) екі жақтан салған темір жолдары 1964 жылы маусым айының 29-да қосылып, Мақат пен Ақтау арасындағы кең далада 704 шақырымдық темір жол өмірге келді. 1964 жылы Ақтау-Өзен арасындағы темір жол құрылысы жедел қолға алынып, 1965 жылдың 10-шілдесінде мерзімінен 6 ай бұрын іске қосылды. Маңғыстаудың «күре тамыры» болып жеткен Мақат-Ақтау темір жол желісі 1966 жылы желтоқсан айында ЖҚМ-не (Жол қатынасы министрлігіне) тұрақты пайдалануға тапсырылды.
─ Алда келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын. Дайындықтарыңыз қалай?
─ Рахмет. Дайындық жақсы. Кеше әкімдерге хат жолдадық. 5 тамыз күні аудандағы №5 орта мектепте сағат 15.30-да үлкен мерекелік шара өткізіп жатырмыз. Аудан әкімі қатысады. 350 адамға шақырту жібердік. Бірқатар теміржолшылар сол жерде «Құрметті теміржолшы» белгісімен, «Құрмет» грамотасымен, «Алғыс» хаттармен марапатталатын болады.
─ Сұхбатыңызға рахмет.
Әсел ТАҢАТАРОВА