Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында «біз алдымызға әлемнің экономиясы барынша дамыған отыз елдің қатарына қосылу жөнінде ауқымды мақсат қойдық. Қуатты экономика – кәсіпкерліктің қуаттылығы, Отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің жоғарлығы. Мен Отандық бизнесті қолдауды жаңа саяси бағдардың маңызы жағынан екінші бағыты ретінде белгіледім» деген болатын. Президент өз сөзінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету мемлекеттің стратегиялық мақсатына сәйкес жаңа серпін алатынын атап өтсе, болашаққа мақсаты айқын елімізде қазіргі таңда кәсіпкерлерге қолдау көрсететін орталықтар көбейіп келеді. Осы орайда, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер Палатасы жанынан құрылған «Атамекен» шағын қаржыландыру ұйымының филиалының директоры Ә.Өтеуовпен тілдескен болатынбыз.
-Әлібек Абылайұлы, Үкімет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге көп көңіл бөлінуде. Осы бағытта құрылған аталмыш шағын қаржыландыру ұйымының бүгінгі аяқ алысы қандай?
-Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары облыстың барлық аудандарында жұмыс жасап, салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде тиімділіктерін дәлелдеп отыр. Бұрын тұрғындар кәсіпкерлік жайлы көптеген мәселелермен облыс орталығына жүгінуіне тура келген болса, ендігі жерде ауыл дегейінде бір орында бизнес қызметтердің кең аясы ұсынылып отыр. Несие алам деушілердің кем дегенде 2 жыл жұмысынан тәжірибесі болу керек, ал жаңадан жұмыс көзін ашып, кәсіп бастайтындарға да несие беру туралы ұйым тарапынан жаңа бастама көтеріліп, жауабы күтілуде.
Екі жылдан астам уақыттан бері ауданымызда жұмыс жасап келе жатырған орталыққа 5 адамның өтініші келіп түсті, дені мал шаруашылығын қолға алғандар. Қазір олардың бизнес жоспары жасақталуда, айта кететіні бізде бизнес жоспар жасау, кәсіпкерлікті оқыту, құжаттар дайындау барысы тегін жүргізіледі. Бұрын тұрғындар үшін осындай жұмыстар жөніндегі қызмет қиыншылықтар туғызатын. Олар сәйкес мамандарды өз беттерінше іздеп, бірталай ақша төлеуге мәжбүр болған еді. Біздің артықшылығымыз да осында.
-Берілетін несиенің жайы туралы халыққа кеңінен айтып өтсеңіз?
-Несие бір қарыз алушыға 15 млн теңгеден аспайтын мөлшерде беріледі, қызмет көрсету комиссиясы жылына несиенің игерілген сомасының 4 пайызынан аспайтын соманы құрайды. Несие беру мерізімі 36 айға дейін, оның ішінде өсімдік шаруашылығы 12 айға дейін ал, мал, құс шаруашылығы және де басқа да қызмет көрсетулер – 36 айға дейін беріледі. Негізгі қарызды өтеудегі жеңілдік мерзімі егін шаруашылығына 12 айға дейін болса мал шаруашылығы, басқа да қызмет көрсету түрлеріне 6 айға дейін қарастырылған. Сондай-ақ, шағын несиелер тұтыну, алдыңғы несиені жабу, қарыз берешегін қайта қаржыландыру, тұрғын үй, жер телімдерін сатып алу және сауда ісімен айналысу мақсаттарына берілмейтіндігін ескеру қажет.
Кәсіпкерлікті дамыту еліміздің алға қойған нақты мақсаттарының бірі. Кәсіппен айналысамын дегендерге кедергі жоқ. Ауылдарда қызметін жүзеге асырып отырған шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру біздің ортақ мақсатымыз. Алдағы уақытта да ауданның даму көзінің бірі кәсіпкерлікті көбейтуде жұмыстана беретін боламыз.
Әңгімеңізге рахмет!
Айгүл РАХМЕТОВА