©
Еліміз бойынша маусым айында Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Ол орта білім куәлігін алған мек теп бітіруші түлектерге жоғары оқу орындарына түсуге жол ашады. Осы орайда мектеп бітіруші оқу шыларға ҰБТ бойынша қойылып отырған талаптарға сай түсінік жұмыстарын беруі үшін, Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Клара Байбосыновамен кездескен болатынбыз.
- Клара Хисарқызы, Ұлттық бірыңғай тестілеу деген не және ол қандай мақсатпен жүргізіледі?
- ҰБТ – оқушының білім ошағына тарыдай болып кірген сәттен бастап, таудай болып шыққанға дейінгі оқушының білім сапасын бағалау. Бүгінгі таңда ҰБТ бұдан екі жыл бұрын мектеп емтихандарымен бірге тапсырылатын еді. Биыл екінші жылы осындай өзгеріс жүзеге асып отыр. Осы орайда ең әуелі мек- тептен байқау емтиханы тапсырылады. Тапсырыс барысында оқушыға аттестат береміз. Сол арқылы оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге бара алады. Оқушылар жоғары оқу орындарына немесе арнаулы оқу орнына түсу мақсатында барады.
- Өткен оқу жылында ҰБТ қандай көрсеткішке қол жеткізді?
- Жалпы алғанда аудан бойынша өткен оқу жылында күндізгі мектеп бойынша 260 бала мектеп бітірді. Оның 229 ҰБТ-ға барды. Соның ішінде «Алтын белгі» белгісіне 7 оқушы, «Үздік аттестат» белгісіне 3 оқушы ие болып, мемлекеттік грантқа түсті. Білім сапасының орта балы ауданымызда 67,4 пайызды құрады. Бұл, әрине жақсы көрсеткіш.
- 2018 жылы ҰБТ-ға енгізілген өзгерістер бар ма? Осы жөнінде тоқталып өтсеңіз?
- Жалпы осы жылы ҰБТ-ға өзгерістер енгізілген жоқ. Былтырғы ереже бойынша жүзеге асады. Яғни оқушы 5 пәннен тестілеуден өтеді. Оның 3-і міндетті және 2-і бейіндік пәндер. Бейіндік пәндер таңдайтын мамандыққа байланысты таңдалады. Барлық тест сұрақтарының саны – 120, оған берілетін жалпы уақыт - 3 сағат 50 минутты құрайды. Шектік балы 50 баллдан жоғары болуы керек, ал медицина мамандығы үшін 60 балл, сонымен қатар Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 балл жинау қажет. Шектік балды жинамаған жағдайда ақылы негізінде оқуға түсу үшін тамыз айында тестілеуді қайта тапсыру қарастырылады.
- Түлектерге аудан бойынша қандай әлеуметтік көмектер көрсетіледі? Арнайы гранттар бөліне ме?
- Өткен жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен гранттар бөлінген болатын. Былтыр облыс әкімінің 50 гранты облыс бойынша бөлінді. Біздің ауданнан 2 оқушы сол грантқа қол жеткізді. Ал биылғы жылы дәл солай облыс әкімінің 50 гранты бөлінеді, бұған енді түлектер білім сапасын көрсету арқылы бағын сынайды. Сонымен қатар «Ерсай» ЖШС-нің қаржыландыруымен жыл сайын мектеп бітіруші 5 түлекке грант бөлінеді. Олар, біріншіден, физика, математика пәндерінен тест тапсырады. Ең жоғарғы балл алғандардың арасынан отбасының жағдайы төмен оқушыларға көбірек көңіл аударылады. Осы орайда аталған түлектер Қарағанды қаласында оқытылып, оқуы қаржыландырады.
- ҰБТ-ның тапсыру күні қашан, сынақтар өтетін арнайы орындардың орналасқан жерлерін атап өтсеңіз?
- ҰБТ тапсыру күні Қарақия ауданы үшін ағымдағы жылдың 23, 27 маусымы болып белгіленеді. Қашаған, Қарақұдық, Құланды орта мектептерінің 42 түлегі 23 маусым күні Жаңаөзен қаласындағы №19 орта мектептің базасындағы №781 Ұлттық тестілеу орталығы филиалында, Жетібай, Мұнайшы, Құрық ауылдарының 218 түлегі 27 маусым күні Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжениринг университетінің ғимаратындағы №734 Ұлттық тестілеу орталығы филиалында ҰБТ тапсырады.
- ҰБТ-да апелляциялық комиссия қызмет көрсете ме?
- Түлектердің құқықтарын қорғау мақсатында апелляциялық комиссия жұмыс істейді. Апелляциялық комиссия сынаққа қатысушылардан тест тапсырмаларының мазмұны және техникалық себептері бойынша өтініштер қабылдап, көмек қарастырады. Түлектің өтініші расталған жағдайда оған республикалық апелляциялық комиссияға ұсыныс түсіп, түлекті хабардар етеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған зейнетақы қалай есептеледі?- ҰБТ-да түлектерді тасымалдауға, тамақтануы мен жататын орындарына аудан бюджетінен қанша қаражат бөлінді?
- Ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушыларды тасымалдауға тамақтануы мен жататын орындарына аудан бюджетінен 2 миллион 855 мың қаражат қарастырылып отыр.
- Білімнің нәтижесі оқушының алған білімімен өлшенеді. Биылғы оқу жылында аудан бойынша қанша «Алтын белгіге» үміткерлер бар?
- Аудан бойынша 9 маусым күні соңғы емтихан тапсырылып, 10 оқушы «Алтын белгі», 6 оқушы «Үздік аттестат» белгісіне ие болып отыр. Ал тоғызыншы сыныпты бітірген оқушылар үшін 42 бала «Үздік аттестатқа» ие болды.
- Түлектерге айтар тілегіңіз?- Аудан бойынша биылғы оқу жылында 12 орта мектепті бітірушілер саны 330, кешкі мектепті 56 оқушы, барлығы 386 түлек бітірді. Биылғы ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген мектеп бітірушілер саны 260, жалпы бітірушілер санының 78,8 пайызын құрайды. Осы орайда аудан түлектері алда тұрған үлкен жауапкершілікті түсініп, жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген сенімдемін.
- Біздің жастар – еліміздің болашағы. Ел болашағы - жастардың қолында. Сондықтан жауапкершілікті терең сезініп, әрқашан сенім биігінен шыға берулері керек. Алдағы сынақтан сүрінбей өтіп, қалаған жоғары орындарына түсулеріне тілектеспін!
- Сұхбатыңызға рахмет.
Фариза ХАЙДАРОВА