©
Барлығымыз да ыстық қан – пендеміз. Қай жеріміз ауырса, жанымыз сол жерде тұратындай. Сол жерден шығатындай. Ауру мазалап, денемізден ыстық көтерілсе, дереу жатталып қалған сол бір нөмірге жүгінеміз. Тезірек «103-ке» қоңырауды шалсақ, «дерттің дауасы» жететіндей. Қысылғанда уақыт та тоқтап қалады. Күткен әрбір минут жылдарға тең, жылжып болмайды. «Жедел жәрдем» жеткенше жан шүберекке түйіліп, жүрек ауызға тығылады. Көз сағатта, назар есікте. Ой сан-саққа соғып, көкейде бір ғана сұрақ: «Жедел жәрдем жедел жете ме?!». Біз бүгін осы сұрақты арқалап аудандық аурухана жанындағы жедел жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Әлібек Кашимовқа барған едік.
− Әлібек Алшынбайұлы, «жедел жәрдем» шынымен жедел ме, сұхбатымызды осыдан бастасақ?
− Сауалыңызға жауапты тереңіректен іздеп көрейік. Халық саны өскен сайын қызметімізге жүгінушілер қатары көбеймесе, азаймай отыр. 2014 жылы бізге 37 мың 33 шақырту түскен еді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 46 мың 589-ға жетті. Бір жылда 9 мың өсім. Биылғы жарты жылдың өзінде ақ 23 мың 936 шақырту болды, былтыр сан 21 мың 800 құраған еді. Өткен 6 айда 2 мың қоңырауға артық. Шақыртулар жазда жедел ішек ауруларына, қыста тұмау, гриппке байланысты жиілейді. Ең белсенді уақыт - кешкі сағат 18:00 мен 23:00 арасы, түс мезгілі, демалыс күндері. Күнде орта есеппен 145-150-дің үстінде адам хабарласады.
Ауданда психиатрлық аурухана, перенеталдық орталық, жұқпалы аурулар ауруханасы, хирургия сияқты бөлімдердің болмауы да шұғыл медициналық көмектің көп уақытын ұрлайды. Аталғандай көмекке мұқтаждарды қаладағы мекемелерге тасуға тура келеді. Мысалы, Батыр ауылынан түскен шақыртуға Маңғыстау ауылынан шығып 15 минутқа жеттік делік. Науқасты 10 минуттың ішінде қарадық. Қалаға алып баруға тағы жарты сағат кетті. Қайтуы және бар. Бәрін есептесек, Батырдағы бір шақыртуға барған көлік 1 сағат 20 минут босамайды. Ауруханада алып барған адамды 10 минуттың ішінде қабылдауы қажет. Егер ол жүкті әйел болса бірінші перинеталдық орталыққа, одан басқа орынға жеткізіп, ол жерде де күтіп қалады. Атамекендегі «жедел жәрдем» мекемесінен Ақтаудағы ауруханаға тасымалданатын адам үшін 35-40, Емір елдімекенінен 55 минут шамасында уақыт жұмсалады. Осындай себептер шұғыл медициналық қызметтің дер кезінде жетпеуіне әкеледі. Кешігу - әрине бар. Жарықтандырылмаған көшелер, жаңадан салынған үйлер, аты жазылмаған кварталдар да, ауылішілік жолдардың жағдайы да бұған қосымша күш түсіреді. Сондықтан ауыл әкімдеріне хат жолдап, ауыл картасын сұратудамыз. Күнде жаңа үйлер қосылып, көшелер жаңаруда. Ал біздегі біраз карта ескі. Сондай-ақ елдімекендер мен көшелерде ұқсас аттар кездеседі. Жалдамалы пәтерде тұрушылар толық мекен-жайларын біле бермейді. Бұл бізге артық қиындық туындатады. Мекенжайын «Көктем» деп, телефонын қоя салады. «Көктем» атауы Атамекен ауылында да, Басқұдықта дакездеседі. Қайсысынан хабарласып тұрғанын анықтауға тағы уақыт қажет. Биылғы көктемнің жауын-шашыны да жұмысымызға кері әсер етті. Тозығы жеткен көліктеріміз ауылішілік жолдарда батпаққа батқан күндер де болды.
Қазір 60 шақырым шеңберде 135 мың халықпен жұмыс жасаймыз. 12 медициналық шұғыл көмек көрсету тобымыз бар. Бірақ қазір тек 11-і жұмыс жасауда. Кейде 8-9 топқа түсіп қалған кездер де болды. Қолды байлайтын кедергі - көлік жетіспеушілігі. Жедел жәрдем көліктері күні-түні жүреді емес пе, сондықтан оларды 2-3 жылдан жаңартып тұрмаса болмайды. Ал біз соңғы рет 2013 жылы ғана жаңа көлік алыппыз. Қазір бізде 2008 жылы шыққан темір тұлпарлар да қолданыста. Ескінің аты ескі. 16 машинамыз болса да, 11-і ғана кәдеге жарайды. Қалған 5 көлік жөндеуді талап етіп тұр. Оған біріншіден қаражат жетпейді. Екіншіден жыртықты жамағанан жаңасын алған жөн. Десек те осы жылдың аяғына дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1 машина алып бергелі отыр. Өзіміздегі үнемделген қаржыдан тағы 2 көлік алу жоспарымызда бар. Көлікке сұраныс өтелсе, оған тәуелді мәселелер де шешілер еді. Норматив бойынша әр 4 көлікке 1-еуі резервте тұруы тиіс. Сонда біздің бөлімшеде 16 машина болуы керек. 2009 жылдары 2 көлікпен ғана жұмыс жасағанбыз. Бәріне жетісетін едік. Қазір халық күннен күнге артып, аумақ көлемі кеңейді. Қолда бар 12 бригадамен де халыққа қызмет көрсетуге үлгере алмай жатамыз. Тағы 2 жедел жәрдем бригадасын ашуға ұсыныс бердік.
− Кешігу бар дедіңіз, не үшін екенін де келтірдіңіз. Дей тұрғанмен, кім кімде өмірі қыл үстінде тұрғанда медициналық көмектің уақытылы келгенін қалайды. Үміт, сеніммен жол қарайды...
− ...Әрине, адам болғандықтан өзіміз де солай. Бірақ біздің жұмысымыз ҚР жедел жәрдем көмегінің Ережесі туралы 2015 жылғы 27 сәуірдегі №269 бұйрықпен реттелетіндіктен қызметіміз 6 санатта қарастырылады. Тұрғындар осыны түсінбей жатады. Оның ішінде 1-3-санаттағы науқастарға 20 минутта жедел медициналық қызмет көрсетіледі. Олар: кеудесіне жарақат алған, құлаған, көшеде ес-түссіз қалған, тырыспа, өрт шалған, жүрек аурулары т.б. Қатарынан бірдей жағдаймен екі хабар түссе, алдымен оның орны және өзге де белгілеріне мән беріледі. Егер науқастың бірі өз үйінде және медициналық тіркеуде тұрса, екіншісі қонақ немесе көшеде, қоғамдық орындардағы бейтаныс адам болса жедел көмек бірінші белгісіз адамға барады. Өйткені оның созылмалы аурулары болуы да мүмкін. Яғни науқастың медициналық тарихын білмейміз. Ал сырқатында 4-5-санатқа кіретін белгісі бар адамдардан қоңырау қабылданса 20 минуттың ішінде нұсқау беріліп, 45 минутта медициналық көмек жетеді. Құсу, іш өту, бас ауру, төменгі деңгейдегі қан қысымының жоғарылауы сынды 6-санатқа кіретін ауру түрлеріне 30 минутта жиналып, 1 сағатта қызмет көрсетуіміз керек. Оған емханадан ауруханаға тасымалдау, қатерлі ісікпен ауыратындарға дәрі егу де жатады. Әйткенмен, барлығы көлікке тіреледі. Кейде емханадан облыс орталығындағы ауруханаға адам алып баруы қажет болса жылдам жетпедіңіз деп өз әріптестеріміз де реніш білдіреді. Норматив бойынша ондай шақыртулар бір сағаттың ішінде қанағаттандырылуы қажет. Әрі жоғарыда атағандай, бір уақыттың ішінде бірнеше жерден шақырту қабылданғандықтан, науқасқа қатысты әрбір фактор маңызды. Амбулаториядағы пациенттің дәрігерлер арасында екендігі де ескеріледі. Сондықтан жедел жәрдемнің кешігуі аурудың күрделі тобынан жеңіліне қарай жоғарылайды. Жыл басынан бергі 6 айда жедел жәрдем шақырылған орынға 1-3-санатта 23 пайызға, 4-5-санатта 32 пайызға, 6-санатта 43 пайызға кешігіп жетті.
− Шұғыл жәрдем болғасын, шұғыл іс-әрекетті талап етеді. Сабыр мен төзім сыналып, өмір ортаға тұрады. Сондықтан мұнда білікті мамандардың рөлі орасан, кадр мәселесі қалай?
− Бізде штат бойынша 175 адам. Соның 21-і дәрігерлік, 67-сі орта медициналық персонал, 29-ы кіші медперсонал. Жалпы кез келген дәрігер жедел жәрдем дәрігері бола алмайды. Сондықтан жұмысқа қабылданатын мамандардың осы саладағы тәжірибесі ескеріледі. Тәжірибесі жоқ жас маман болса 3 ай сынақпен қабылдап, 1 жылға дейін дәрігерлердің бақылауына қоямыз. Содан кейін ғана өзі кезекшілікке шығады. Өйткені жедел жәрдем дәрігері шапшаң қимылдауға, шешім қабылдауға машықтанбаса болмайды. Ол өзі қараған адамға 10 минутта диагноз қойып, емдей білуі тиіс. Мойнына үлкен жауапкершілік артылады. Жастарды осыған үйрету үшін аға буынның тәжірибесі мен ақыл-кеңесі өте маңызды. Нұралы Ахметов, Хамеш Хасанов, Мәулен Шудабаевты осындай, жастарға білгенін бөлісіп, бас болып келе жатқан дәрігерлерімізден дер едім. Олар облыстық жедел жәрдем қызметі ашылғалы осы бағытта келе жатқан майталман мамандарымыздан. Бізге келген әрбір жас маман осы кісілердің алдынан өтіп, білімін жетілдіреді. Қазір сондай еңбек өтілі 30 жылдан асатын 5 дәрігеріміз бар. Қалғандарында 3,5,10 жылдан жоғары.
Жалпы жедел жәрдем дәрігері мен фельдшерінің ғана емес, әрбір қызметкерінің жұмысы жеңіл дей алмаймыз. Телефон тұтқасында отыратын қызметкерлерді алайық, дерт қысқан кісімен ең алдымен тілдесетін солар. Хабарласушылардан ауыр сөздер естіп те, алуға тиіс ақпаратты ала алмай да жатады. Осындайда операторларға үлкен төзім мен сыпайылық қажет. Жұмыстары шақыруды жедел қабылдап, базаға тіркеп, бригадаға тапсыру. Науқастың қай жері, қалай ауыратынын жазып алу. Бригадаға сол бойынша хабарлайды. Сондықтан телефон шалған адамға бірнеше сұрақ қояды. Жаны қысылған кісі мұны көтере алмай, кейде жөнсіз сөздер айтады. Дегенмен әрбір қоңырау жазылып, қадағаланады. Шағымдар аудит бөлімінде тексеріледі, себебі нақтыланады. Арызданушылардың дені көмек уақытылы жетпеді дегенді алға тартады. Бүгінгі әлеуетімізбен мұны жоққа шығаруға болмайды. Ол үшін жедел жәрдем бөлімшесі емес, стансасы ашылу керек. Үкіметтің 2011 жылы шыққан Қаулысына сәйкес, тұрғыны 70 мыңнан асқан аумақта мамандандырылған бригадалар жұмыс жасауы тиіс. Ал бізде тек дәрігерлік, фельдшерлік бригадасы бар. Оның өзінде 25 пайызы дәрігерлер. Ережеде бұл көрсеткіш 60 пайыз делінген. Осыған байланысты біздің көрсететін көмек те әлсіз. Тұрғындардың наразылығы туындауы сондықтан. Негізінде халық саны 100 мыңнан артса 35 дәрігер, әр 10 мың тұрғынға 1 жедел жәрдем бригадасы болуы қажет. Сондықтан қазіргі басты мәселе - аудандық жедел жәрдем стансасын ашу. Бұл проблема аудан әкімі Нұрлан Тәжібаевтың, аудандық аурухана директоры Айларбек Шыршықбаевтың еңбегінің арқасында облыстық комиссияда қаралып, оң шешімі шыққан болатын. Қазір қолымызда облыс әкімі Алик Айдарбаевтың аудандық жедел жәрдем бөлімшесін қайта ұйымдастырып, станса ашу жөніндегі Қаулысы бар. Дегенмен ағымдағы жылдың бюджеті бекітіліп кеткендіктен, алдағы жылдардың еншісіне қалып отыр. Бүгінде 5 бригадамыз Атамекенде Атамекен мен Басқұдық ауылдарын қамтыса, 7-еуі Маңғыстау ауылында. Атамекенде 1, Маңғыстауда 2 дәрігерлік, қалғаны фельдшерлік бригадалар. Әр бригаданың өз науқасы бар. Десе де дәрігерлік топ жетіспесе, дәрігер қарауы тиіс жүрек ауруларына да фельдшерлік топты жіберуге мәжбүрміз. Станса ашылса жағдай мүлде басқа болар еді. Бүгінде орталық ауруханадан да 5 дәрігерді кезекшілікке шығарып отырмыз.
− Құрал-жабдықтар жеткілікті ме?
− Жедел жәрдемнің қызметін реттейтін талаптарға сәйкес, фельдшерлік топта 29, дәрігерлерде 31 атаулы сайман болады. Соның барлығы бізде қарастырылған. 12 дана ЭКГ апараты, 5 дефибильятор (жүрек тоқтап қалғанда қолданылатын құрал) және улануда ішті тазалаушы құрылғы бар. Дефибильяторды тек дәрігерлер ғана қолданатындықтан 2-еуі резервте. ЭКГ-нің 10-ы жұмыс жасайды. Бұрын шприц жоқ деуші едік, енді ол мәселе түбегейлі шешілген.
- Сұхбатыңызға рахмет! Жұмыстарыңызға жеміс тілейміз!
Р.S.Материал қатталып жатқанда "жедел жәрдем" бөлімшесінен қуанышты қоңырау түсті. Жағымды жаңалығын бірден бізбен бөлісуге асыққан Әлібек Алшынбайұлының айтуынша, енді "жедел жәрдем" көліктерінің қатары сужаңа бір "темір тұлпармен" толықпақ. Көлік сатып алынып, құжат рәсімдеу жұмыстары жүруде екен. "Қуанышты бөліссен - көбейеді" демекші, біз де мұны сізге жеткізе отырып, бөлімшенің болашағына қатысты бұдан да жақсы хабарларды күтеміз. А.Байтұрсыновша, газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі болсын деп тілейік!
Шахида ЖҰМАН