Мұнайлы ауданында жеке тұлға мен заңды тұлғалардың дебиторлық қарыздары өзекті мәселеге айналып отыр.Мұнайлы газ шаруашылығының жұмысшылары және «РЦКУ-Ақтау» ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп, осындай қарыздарды жоюды басты мақсаттарына балауда. Уақытында пайдаланған табиғи газдың ақысын төлеуді тұрғындар назарына ұсынған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Мұнайлы аудандық газ шаруашылығының директоры Балғабай Улжатайұлы Арстановпен алдағы қыс мезгіліне қамданыстары, жұмыстағы айтулы жаңалықтары, келешектегі жоспарлары жайлы аз-кем сұқбат құрған едік.
─ Балғабай Улжатайұлы, алдағы суық маусымға дайындықтарыңыз қалай?
─ Аудан бойынша 2016-2017 жылғы жылу маусымына «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ МӨФ директорының әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындығын тексеруге берілген бұйрығына сәйкес барлық әлеуметтік объектілер қаралып, тиісті актілер жазылып, басшыларына таныстырылды. Ауданда ағымдағы жылы айтарлықтай көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, Мұнайлы газ шаруашылығы 2016-2017 жылғы жаңа жылу маусымына дайындалу мақсатында Мұнайлы ауданы, Батыр селосы Шерқала, Хазар, Самал, Астана,Тамшалы, Алматы, Болашақ шағын аудандарындағы және Басқұдық ауылдық округі, Самал тұрғын массиві, №3 өндірістік аймақ жанындағы учаскелер газдандырылды. Қазіргі таңда Басқұдық ауылындағы «Алау» тұрғын массивінде құрылыс монтаж жұмыстары жасалып, қолданысқа беруге жоспарлануда. Сонымен қатар Баянды-2 және Баянды-3 тұрғын массивінің аралығымен өтіп жатқан диаметрі 108 мм төменгі қысымды газ құбырын ұзындығы L=100 метр болатын газ құбырына сақиналап (закольцовка) қосу жұмыстарын жүргіздік. Сол сияқты Маңғыстау селосы Есмәмбет көшесімен 14 квартал аралығындағы өтіп жатқан төменгі қысымды ұзындығы L=250 метр, диаметрі 57 мм болатын газ құбырын, диаметрі 159 мм газ құбырына қайта жаңарттық (реконструкция). Бұған қоса Қызылтөбе селолық округінде № 59,58,60,61 газ реттеу пунктерінде орнатылған РДНК-400 РДНК-1000 газ реттеу қондырғысына ауыстырылды. Дәулет селолық округінде № 4,8,5 газ реттеу пунктерінде орнатылған РДНК-400-ді РДНК-1000 газ реттеу қондырғысына ауыстырылып, аталмыш пунктер мен оның қоршаулары сырланды. Маңғыстау-2 тұрғын массивінде № 32,27,29 газ реттеу пуктерінде орнатылған РДКН-400-ді РДНК-1000 газ реттеу қондырғысына ауыстырылды және Маңғыстау селосындағы № 23,24,25,26 газ реттеу пунктері мен қоршауларын сырлау жұмыстары жүргізілді. Маңғыстау селосында №1 кварталда қыс айларында газдың қысымы жетпегендіктен қосымша газ реттеу пунктісі орнатылды. Айта берсек, осы сияқты сырлау, газ реттеу қондырғыларының жаңаға алмасуы сынды көптеген істер жүзеге асты. Қызыл төбе-2, Маңғыстау-3,4,5, Баянды-2, Кызыл төбе тұрғын массивтеріндегі газ құдықтары сырланып, қалпына келтірілді және газ құдықтарға баспалдақтар орнатылды.
─ Бұлардың бәрі жағымды жаңалық екен. Өзекті мәселелер көрінбей ме?
─ Мұнайлы ауданында жеке тұлға мен заңды тұлғалардың дебиторлық қарыздары өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған орай Мұнайлы газ шаруашылығының және «РЦКУ-Ақтау» ЖШС қызметкерлерінің басты мақсаты дебиторлық қарызды жою болды. Бұл тұрғыда біз әлі де тоқтап қалған жоқпыз, жұмысты жалғастырып келеміз.
─ Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
─ Қазіргі таңда Маңғыстау өндірістік филиалы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан қаржыландырылып, инвест бағдарлама бойынша Мұнайлы ауданы Баянды-2 селосында орта және төмен қысымды газ құбырын қайта құрылымдау (реконструкция) ұзындығы L=10 шақырымға жоспарланып отыр. Қызылтөбе селолық округінде Жаңалық көшесінен бастап № 56 газ реттеу пунктіне дейін орта қысымды газ құбырын сақиналап қосу (закольцовка) ұзындығы L= 1,2 шақырым, Қызылтөбе селолық округінде Құбыла және Балауса көшесіндегі жер асты төмен қысымды газ құбырын қайта құрылымдау (реконструкция) ұзындығы L= 8 шақырым, Қызыл-төбе-2 және Қызыл-төбе селолық округтерінің арасын орта қысымды газ құбырын, Қызыл-төбе селолық округі, Ынтымақ селосымен Жаңа-Дәулет тұрғын массиві арасын орта қысымды газ құбырын сақиналап қосу жоспарлануда.
Рахмет.
Әсел ТАҢАТАРОВА