©
«Ұлы Абай бір қара сөзінде «бәйгеден атың келгенде көпшілік сенен артыңда қанша ат бар деп сұрамайды. Алдыңда қанша ат озып кетті деп сұрайды. Артымда мұнша ат қалып қалды деу кімге мәртебе» деп айтқан екен. Сол сияқты біз спорт журналистикамызды басқалардікімен салыстырсақ әлде қайда артта қалғанымызды байқаймыз». Журналист Омар Құрмаш осы бір сөзімен қазақ спорт журналистикасының бүгінгі жай-күйі туралы атап өткен екен.
Бұл мәселе төңірегінде спорт коментаторы Есей Жеңісұлының айтары көп. Шын мәнінде, Қазақстанда спорт журналистикасы кенжелеп қалды ма? Қазақ тілді спорт сайттарының сапасы сын көтере ме? Осы сұрақтар төңірегінде айтылған әңгімені ортаға саламыз.
Әділбек Ниязымбетовке сын айту орынсыз
- Өзіңіз білесіз, Рио Олимпиадасында Әділбек Ниязымбетовтың екінші мәрте күміс алғанын әркім әр түрлі қабылдады. Әділбектің тарапына айтылған сын көбейді, тіпті жеке басына ауыр сөз айтып жатты...
- Менің ойымша, Әділбек сияқты батыр жігіттерді аспанға көтеріп жүрсек те артықтық етпейді. Бір емес, екі олимпиадада бір деңгейден көріну және екі олимпиадада алтыннан үміткер болу екінің бірінің қолынан келмейді. Мұндай жетістікке қазақ спортшылары арасынан Болат Жұмаділов қана жеткен. Болаттың да кезінде екі бірдей алтыннан қол үзіп қалғаны өзегімізді өртейді. Десе де жалпы әлем спортының тарихында мұндай жекелеген спорт түрінен олимпиадаларда тұрақты түрде жетістікке жеткен азаматтар саны 100-150 шамалас қана. Демек, біз Әділбектің бұл табысын мақтан тұтуымыз керек. Ал Әділбектен алтын күтіп, ала алмаған соң, теріс айналып кеткен азаматтар өздеріне өздері төреші шығар. Бұл біздің спорт тарихынан біліміміздің таяздығын көрсетеді. Әділбекті кубалық Хулио Сесар Ла Крус әбден зерттеген. Сыралғы қарсыласы бәрібір айласын асырып кетті. Бұл жерде «төреші бұра тартты, әділдік болмады» деген жұбаныш сөздердің қажеті жоқ. Әділбек сияқты жоғары деңгейді ұстап тұратын, тұрақты спортшыларды төбемізге көтеру керек.
- Күмісті қомсыну қазақтың эмоцияға бай, қызба халық екендігінен бе?
- Иә. Алысқа бармайық. Біз қай спортшыны болмасын, олимпиада өткенге дейін көкке көтеріп мақтаймыз, әспеттейміз, биікке көтереміз. Ал сол спортшының басына түрлі жағдай түсе қалса, кері итеріп, талауға бармыз. Мысалы, Бақыт Сәрсекбаев, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев сияқты азаматтарды алыңыз. «Қызды соққыға жықты» деп Бақтиярдың атына кір келтірдік. 2004 жылғы Афинадағы ерлігін бір-ақ сәтте ұмытып кеттік. Біз ерлікке қаттысусаған халықпыз. Бірақ ерлікті жасаған адам сәл жолдан тайса, оны адамзаттың қоры етуге асықпыз. 2008 жылғы Бейжің олимпиадасынан кейін Илья Ильин Әнуар Түркелери, Алексей Ни сияқты бапкерлерден қара үзіп еді, біз оны жерден алып, жерге салдық. Керісінше, Ильин әлем чемпионаттарында, олимпиадада рекордтарды жаңартып, өте жоғары деңгейге көтеріліп кетті. Қазір оны допинг қолданды деп кінәлап жатса да, Илья – өзін күллі әлемге таныта алған талант. Сол сияқты, Әділбек те – өзін дәлелдеп қойған жігіт. Одан ел теріс айналды екен деп, әлем теріс айналмайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында олимпиададан екі рет жүлде алғандар – Ольга Рыпакова, Сергей Беляев, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділовтер ғана. Санаулы ғана спортшы! Әділбек Рио олимпиадасына барар алдында омыртқасын жазу үшін бір жыл бойы емделді. Ол өзін адам сенгісіз сынға салды. Өйткені, омыртқа– кінәмшіл сүйек, ол толықтай жазылмаса, бокске оралу мүмкін емес. Сондықтан Әділбектің омыртқасын толықтай емдеп, шаршы алаңға оралуын, Рио олимпиадасына жолдама алуын, олимпиадада финалға шыққанын ерлік демесек болмас. Қарапайым адам істей алмайтын ерлік. Мен Әділбекті қазақтың батыры деп есептеймін. Мұндай батыр бізге керек және көптік етпейді.
Спорт журналистикасы – халықтың намысын қайрайтын өнер
- Әділбек Рио Олимпиадасынан күміс алып келгенде, кейбір БАҚ құралдары «Күмісбек тағы да күміс алды» деген мазмұндағы жаңалықтар жариялап жатты. Бұл қаншалықты орынды?
- Бұл жерде заман тенденциясын да ұмытпауымыз керек. Бұл – аудиторияны жалт етіп қарату, еріксіз «мәжбүрлеу», үгіттеу. Сіз айтып отырған жалаң тақырыптар, бәлкім, БАҚ-тың аудиторияны өзіне тарту үшін қолданған әдісі шығар. Біздегі әдет қандай: журналистер кең ауқымды спорттық жарыстар өткенше спортта шаруасы жоқ, тыныш жүреді. Ал дүбірлі дода өткенде барлығы аяқ астынан спорт журналисі болып шыға келеді. Жалпақ тілмен айтқанда, «жаға ұстатып, интернетті жаратын» жаңалық тарату әдісімен елді өзіне қаратып отырған БАҚ құралдары көп. Меніңше, олар Әділбектің ерлігі қаншалықты салмақты екенін сезбей, жар салып жүр. Өз басым әлеуметтік желіде жалаулатқан азаматтарға қарсы келген жоқпын, тек кейбіріне жекеге шығып: «Сіз бүкіл ғұмырыңызды арнасаңыз да, олимпиада финалына шықпақ түгілі, сол додаға жолдама ала алар ма едіңіз?» – деп сұрадым. Спорт журналистикасы халықтың намысын қайрайтын өнер екендігін журналистердің өзі түсінбей, мұндай ерсі ақпараттар тарала береді.
- Ер-азаматтар спорт десе ішкен асын жерге қояды. Олар күнделікті таңын спорт жаңалықтарын оқумен бастайды... Өкініштісі, көретіні орыс тіліндегі видеолар, орыс, ағылшын тіліндегі сайттар. Қазақ тілді спорттық сайттар неге аз? Олардың сапасы қандай?
- Орыс тілді спорт сайттары анағұрлым бай, мәліметті толық, әрі анағұрлым кәсіби түрде жетілдірілгенін мойындауымыз керек. Орыс редакциялары ақпараттық порталдың газеттен де пәрменді болатынын алдын ала біліп, барлық ресурстарын тек сайттарға құйып жатыр. Мысалы, championat.com, sports.ru сайттарының сапасын қарап көріңіз. Қажет етсеңіз, Зарина Диастың 2013, 2014, 2015 жылдардағы, тіпті одан да арыдағы жарысқа қатысқан дерегін ала аласыз. Орыс тілінде ақпарат тарататын спорт сайттары тек өз елдерінің ғана емес, бүкіл әлем спортшыларының жүріп өткен жолын жылнамаға жазып отыр. Мысалы, Зарина Диас пен Серена Уильямс кездесетін болса, «Head to head» («Бетпе-бет») айдарында екеуі бұған дейін қанша рет қай турнирде жолықты, қайсысы неше рет ұтты, осындай толыққанды статистиканы оп-оңай шығарып береді. Демек, оқырманның ағылшын не орыс тіліндегі сайттарды таңдауы орынды. Қазақ сайттарында мұның бір де бірі жоқ. Бұл қазақ спорт журналистикасының әлі де дамымай отырғандығының көрінісі. Мысалы, alaman.kz, aladop.kz, kazfootball.kz сияқты қазақша сайттар да жақсы еңбектеніп жатыр, бірақ олардікі әзірше талпыныс қана. Бұлардың әрқайсысын бірді-екілі адам ғана жүргізіп отыр. Өз басымнан өтіп жатқан жағдайды айтайын: Жақында «Статистика және спорт» (statsport.kz) сайтын іске қостым. Сол сайтты шамам жеткенше күн сайын жаңартып отыруға тырысамын, ерікті түрде Серік Қантай есімді жігіт көмектесіп отыр. Кейбір спорт сайттары – жігіттердің хоббиі ғана, мемлекеттен қолдау жоқ. Статистика – заңдылықты, заңдылық дәстүрді туғызады. Спорт жаңалығын қарап отырып, оқырман деңгейі өсуі керек. Тұтынушының деңгейі де көтерілмей отыр. Мәселен, кең ауқымды олимпиадалар кезінде халық спорт жаңалықтарын көп қарайды, ал жай күндері ешкім айтпаған аса маңызды дерек жарияласаң, сол ескерусіз қалады. Сондай-ақ, материалды беру тәсілі де бар. Қызылды-жасылды суреттер, инфографикалар, аудио-видеолар бірден көзді тартып тұрады. Осы тұрғыда да шетелдік сайттардан үйреніп жатсақ артық болмайды.
Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН Сурет және бейнежазбаны түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ
https://youtu.be/B7WMfwtAu1Q