– Отырысқа Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Ауғанстан Президенті М.Гани, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті А.Атамбаев, Моңғолия Президенті Ц.Элбэгдорж, Ресей Президенті В.Путин, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, Өзбекстан Президенті И.Кәрімов, Үндістан Премьер-министрі Н.Моди, Пәкістан Премьер-министрі Н.Шариф, сондай-ақ ШЫҰ бас хатшысы Д.Мезенцев, БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Дж.Фелтман, АСЕАН ұйымының бас хатшысы Ле Лыонг Мин, ШЫҰ-ның Террорға қарсы өңірлік құрылымы (РАТС) Атқару комитетінің директоры Чжан Синьфэн қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін тынышсыз және жауапты кезеңде ШЫҰ-ның беріктігі мен өміршеңдігі жөнінен елеулі сынақты бастан өткеріп отырғанын атап өтті.
Біз ұйымның дамуы, әлемдік аренадағы ықпалы мен беделінің одан әрі өсуі бағытындағы кезекті кезеңінің басында тұрмыз. Өзге де оң мысалдармен бірге ШЫҰ-ның екі стратегиялық бағытының қатарласа ілгерілеуі осыны айғақтайды. Қызметінің алғашқы күндерінен бастап Шанхай үдерісі өзін ашық әрі теңгермелі көпжақты құрылым ретінде көрсетіп келеді. Бұл ретте біз Үндістан мен Пәкістанның мүше-мемлекет мәртебесіне ие болуына бағытталған шараларды бастау туралы шешімді толығымен қолдаймыз. Үндістан мен Пәкістанның халықаралық беделі, тәжірибесі мен экономикалық әлеуеті – біздің ұйымымыздың болашақ перспективалары үшін зор демеу, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына қол қойылуы ұйымның сапалық тұрғыдан жетілуінің айқын айғағы екеніне тоқталды.
Құжат Шанхай үдерісінің алдағы он жылдағы негізгі арқауы қызметін атқара алады. Әлемде болып жатқан оқиғалар мен үдерістер жағдайында ШЫҰ өңір елдерінің тұрақтылығының, қауіпсіздігі мен өсіп-өркендеуінің кепілі болып қалуға тиіс. Еш әсірелеусіз айтсақ, осынау тарихи кезеңдегі біздің борышымыз – әлемге «Шанхай рухының» бірлігі мен мызғымастығын көрсету, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Қазақстан Президенті терроризм құрбандары санының өсіп бара жатқаны туралы ұнамсыз статистика елдердің бақуат өміріне, өңірдегі татулық пен қауіпсіздікке бұл қауіптің айқын қатер төндіріп отырғанын көрсететініне назар аударды.
XXI ғасырдың басынан бері террористік шабуылдардың құрбандарының саны 5 есе өсіп, 150 мың адамға жуықтады. Бұл оқиғалардың 80%-ы Азия, Таяу Шығыс және Африка мемлекеттерінде орын алған. Бейбіт азаматтар мен елдерге қарсы қанқұйлы қылмыстардың 70% пайызға жуығын 4 ұйым – Даиш, Боко Харам, Талибан және Әл-Каеда жасаған. «Қазіргі заманның зұлымдығы күштерінің» идеологиясы мен мақсатына қол жеткізу жолындағы әдістері барлық діннің қағидаттары мен философиясына түбірімен қайшы келеді. Азаматтарымыздың террористер жағында әскери әрекеттерге қатысуы елеулі проблемаға айналып барады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы аталған қатерге қарсы тұрудың халықаралық тәртібін айқындау қажеттігі пісіп-жетілгенін айтты.
ШЫҰ зорлықшыл экстремизммен күресуге дайын әлемдік қоғамдастық мүшелері арасындағы диалогты жолға қою ісіне өз үлесін қосуға тиіс. Терроризммен күрестің әлемдік біртұтас желісін құру үшін бұл мәселені алдағы БҰҰ Ассамблеясының күн тәртібіне енгізген дұрыс болар еді. ШЫҰ-ның терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес бағдарламасы, сондай-ақ Терроризммен күрес жөніндегі конвенцияның қабылдануы ортақ ісіміздің бастауына айналады деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ ұйымына мүше мемлекеттер алдында тұрған бірқатар міндетті атап берді, олардың қатарында терроризмді қаржыландыратын көздерді жою үшін халықаралық ынтымақтастық қажеттігі, терроршылардың қаражат-мүліктерін тауып, тоқтату мәселесінің заңдық тұрғыдан бекітілуі, сондай-ақ Зорлықшыл экстремизмнің алдын алу бағытындағы әрекеттер жоспарын әзірлеу жөніндегі БҰҰ-ның күш-жігерін қолдау амалы бар.
Экологиялық проблемалар, техногенді және табиғи апаттар салдарынан болатын гуманитарлық дағдарысқа жол бермес үшін Қазақстан Президенті ұйымға мүше мемлекеттерді осы саладағы ынтымақтастық жоспары жобасын әзірлеу жұмысына кірісуге шақырды.
Халықаралық тәжірибе төтенше табиғи жағдайларды болжау мен дайындыққа жұмсалатын шығындар олардың салдарын еңсеруге кететін шығыстардан 15 есе аз екенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан алдын алу шаралары кешенін, сондай-ақ ШЫҰ-ның орнықты даму және қауіптерге қарсы қолданылатын алдын алу қадамдары саласындағы тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынады, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Шанхай үдерісіне қатысушылардың экономикалық әлеуетін арттыру үшін ШЫҰ кеңістігін халықаралық көлік-логистика жүйесімен ұштастыру үдерісін жеделдету қажет.
Барлық өңірлер мен құрлықтар үшін – Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка үшін мұның баршаға бірдей тиімді екені күмән тудырмайды. Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының жүзеге асырылуы, ЕАЭО аясында жасалып жатқан қолайлы жағдайлар ШЫҰ-ның міндеттерімен барлық жағынан сәйкеседі. Осының барлығы тағы бір өршіл мақсатқа қол жеткізуге – Орталық Еуразияда бірін-бірі толықтыратын макроэкономикалық даму кеңістігін құруға мүмкіндік береді. ШЫҰ-ның экономикалық бағытының мүмкіндіктерін толық іске қосу мақсатында ымыраластық жолдарын іздестіруді жалғастыру керек. Экономикалық жобаларды іске асыруға арналған ортақ тұғырнама ретінде Инфрақұрылымдық инвестициялардың Азия банкінің әлеуетін пайдаланудың болашағы бар сияқты болып көрінеді, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысының пікірінше, ШЫҰ қатаң түрде ашықтық қағидатын ұстанып, өзінің тартымдылығын сақтауға тиіс, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран және Түркияның ұйымда белсене жұмыс жасау ниетін қолдауы керек.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздіктің мейлінше өткір мәселелеріне тоқталды.
Ауғанстанды өңірлік интеграциялық үдерістерге тарту ісіне, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты арттыруға, бұрын Ауғанстан экономикасының негізін құраған инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға баса көңіл бөлген жөн. Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу ісіне басқа балама жоқ деп санаймыз. Қазақстан алда да бұл мәселені шешуге және тараптардың ұстанымдарын жақындастыруға үлесін қосуға әзір. Таяу Шығыста да жағдай әлі күрделі болып тұр. Сирия, Йемен, Ливия және Ирактағы ахуал зор алаңдаушылық тудырады. Палестина-Израиль қақтығысы да бұрынғысынша тұрақсыздықтың от-жалыны лаулаған ошағы күйінде қалып отыр, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті бұл оқиғалардың барлығы көпполярлы әлем құрылымының қалыптасуын және әлемдік экономикалық дағдарыстың кезекті толқынын қамтитын жаһандық сипаттағы өзгерістер салдары екенін атап өтті.
Өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде, сондай-ақ біздің сауда-экономикалық байланыстарымыздың жүйесінде Тегеранның маңызды орын алатынын айтқым келеді. Иранның халықаралық делдалдар тобымен келіссөздерінің тезірек аяқталатынына және «Иран ісі» бойынша барлығын қамтитын келісімге қол қойылатынына үміт артамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер берік жігер, бірлік және «Шанхай рухына» адалдық таныта отырып, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, орнықты даму мен ынтымақтастыққа өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Уфа декларациясына, түрлі салаларда мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзге де бірқатар құжаттарға қол қойылды.
BAQ.kz