– Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Хатшысының коммуникация және қоғамдық ақпарат жөніндегі орынбасары Кристина Гайякты қабылдай отырып, БҰҰ-мен ынтымақтастық Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыты екенін және Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерістері жөніндегі БҰҰ-ның халықаралық медиа семинарын Астанада өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл шара біздің еліміздің БҰҰ-мен ынтымақтастығы нығая түскенін көрсетеді. БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары дүниежүзідік ұйымның мерейтойына жоспарланған, атап айтқанда, әлемдегі мемлекет және үкімет басшыларының басым көпшілігі жиналатын БҰҰ-ның алдағы Нью-Йорктегі мерейтойлық саммитіне әзірлік туралы Сенат Төрағасын хабардар етті. Жүздесушілер қауіпсіздікті, бейбітшілікті, дамуды және адам құқықтарын қорғаудағы ерекше және баламасыз ұйым болып табылатын БҰҰ-ның 70 жылдығын лайықты атап өтудің маңыздылығына тоқталды. Қ.Тоқаев Қазақстанның ТМД-ға төрағалық етуі аясында биылғы қазан айында Достастық мемлекеттері басшыларының кеңесінің отырысы өтетінін, онда БҰҰ-ның 70 жылдығына арналған бірлескен мәлімдеме қабылдау жоспарланып отырғанын атап өтті. Сенат Төрағасы Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «бес институттық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы» бағдарламасы және «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағыты, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, діни көшбасшылар, бірқатар мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезіне әзірлік туралы БҰҰ Бас Хатшысының орынбасарын хабардар етті. Съезд 10-11 маусымда Астанада өтеді, «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» тақырыбы бойынша маңызды пікірсайыс болады. БҰҰ өкілі алдағы діни форумының маңызлыдығын атап өтіп, халықаралық тұрақтылықтың елеулі мәселесіне айналған мәдениетаралық және дінаралық толеранттық тұрғысында Қазақстан әлемнің көптеген елдеріне өнеге екенін айтты. Ол сондай-ақ Астананың қарқынды дамуына таңданысын жеткізе отырып, келешектің энергиясы тақырыбына арналған «ЭКСПО-2017» көрмесінің табысты өтетініне сенім білдірді.
Baq.kz