Қазақстан мен Пәкістан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жаңа парақтарын ашар сәт жетті. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге сапармен келген Пәкістан Премьер-Министрі Миан Мухаммад Наваз Шарифпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Құрметті Премьер-Министр мырза, Сізге және сіз арқылы пәкістандық делегацияға Қазақстанға қош келдіңіздер дейміз. Сіздің сапарыңыз біздердің сонау 1992 жылы кездесуімізде негізі қаланған қарым- қатынастарымыздың жандануына тың серпін береріне сенімдімін», - деді Н.Назарбаев.
Елбасы өз сөзінде Пәкістан Үкіметі басшысымен арадағы сол кездесу әлі есінде екендігін және қазақстандықтардың өз тәуелсіздігін Пәкістанның әлем елдерінің алдыңғы қатарында мойындап, қолдау білдіргенін естен шығармайтындығын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Пәкістанның халықаралық күн тәртібіндегі ұстанымдары ұқсас екендігін, ғасырларға созылған достық, мәдени байланыстар екі мемлекетті бауырлас елге айналдыра түсетіндігін баса айтты.
«Қазіргі шынайы жағдайда біздің қарым- қатынастардың жаңа парақтарын ашу сәті келіп тұр. Сіздің бұл сапарыңыз қарым-қатынастың дәл осы бағытта дамуына септігін тигізеріне сенімдімін», деді Елбасы.
ҚазАқпарат