©
Латын әліпбиі – өркениет жолы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Елбасымыз «біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» - деп, айтқан еді.
Президентіміздің 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірі суіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өткен еді.
Ағартушы педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Ағылшын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиіне өту үлкен стратегиялық маңызға ие. Бұл әліпби бізді әлемдік өркениетпен біртұтастандыра түседі. Өркениетке бет түзеген ел үшін тиімді, бүгінгі ұрпақ үшін қажетті бастама. Аталмыш әліпбиге көшу – халқымыздың талайдан бергі арманы ғана емес, заманның өзі тудырып отырған қажеттілігі. Латын әліпбиіне өту – бұл тек әліпбиді ауыстыру ғана емес, қазақ тілін заманға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу, жазу мәдениетін қалыптастырады. Бұл бастама қазақтың рухани жаңғыруға деген сенімін артырып, санамызды жаңғыртып, болашақ ұрпақтарымыздың ғаламдық ғылым-білімді игеруге жол ашып, рухани жаңғырудың берік іргетасы болары сөзсіз.
Айша АХЖИГИТОВА,
Бейнеу кітапханасы мемлекеттік мекемесінің әдіскері