Бизнес пен бесікті қатар тербеткен қазақ әйелдерінің басын қосып, олардың қанатын қомдауына жәрдемдесіп жүретін «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі» қоғамдық бірлестігі облыс орталығындағы «Жанұя» мейрамханасында «Отбасы–махаббат мекені» деп әдемі аталған кеш өткізді. Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған осынау әдеби-сазды кешке өңіріміздің батыр аналары, жергілікті ақындар, мәдениет саласының өкілдері, өнегесімен танылған отбасылар және Ақтау қаласының өнерлі жастары қатысты. - Адам баласына өмірде ең жақын да ең қымбат нәрсе – отбасы. Отбасы қоғамдық құрылымның тобы, алғашқы ұясы. Қоғамның негізгі мақсаты адамдарды бақытты ету, ал мұның өзі терезесі тең, керегесі кең, берік отбасына байланысты. «Жапырақ тамырдан нәр алады» дейді халқымыз. Әр адам әдеп-ғұрып пен дәстүрлерді өзі өскен отбасынан алады. Ал отбасында алған тәлім-тәрбие жас ұрпақтың рухани азығы, өмірлік ұстанымы мен жарқын болашаққа жетелейтін темірқазығы. Отбасы – бала дамуы мен қалыпты өмір сүруіне тиімді жалғыз мекен. Бала үшін туған отбасы – алтын діңгек. Отбасындағы жылылық пен мейірімді ешнәрсемен, басқа жерлерде жүз есе артық материалдық жағдай жасалса да, алмастыру мүмкін емес, - деді кештің шымылдығын түрген қоғамдық бірлестік төрайымы Роза Махамбетова. Сондай-ақ Роза Қарымсаққызы ақ дастархан басына жиналған қонақтарға еркін микрофон ұсынды. Меймандардың кейбірі өз жанұясы жайында қызықты әңгіме айтса, ақындар өз шығармаларын оқыды. Қандай қилы заман туса да, отбасының амандығы мен тұтастығын сақтап келген халқымыздың ата-ана мен бала қадіріне жете білгені анық. Бұл үшеуінен береке кетсе, отбасының да шырқы бұзылатыны рас. Уақытша кездесетін сәл қиындықты бірлесіп шешудің орнына, ажырасып тынатын солқылдақ отбасылар көбейген бүгінгі кезде отбасы құндылығын арттыруға бағытталған шаралардың бірі болған осынау кештің қонақтары ризашылықпен тарасты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА