"Ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды"
[ 2017 ] 13 қыркүйек, 11:12 | Рухани жаңғыру
Елбасымыздың рухани жаңғыру саласындағы алға қойып отырған міндеттердің бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Әліпби - ұлттық жазудың негізі, ана тілінің терең табиғатын, ұлттық ерекшелік пен дыбысталу заңдылықтарын сақтап, тілдің дамуын жетілдіре түсетін маңызды құрал, ұлттық бірегейліктің пәрменді құрауышы. Тіл арқылы халықтың сан ғасырлық тарихы, ой-санасы, салт-дәстүрі, менталитетті жинақталып, сақталып, келер ұрпаққа жететінін ескерсек, тіл мен жазудың етене бірлігі ұлттық дамудың аса маңызды көрсеткіші болатыны түсінікті. Айналасы бір ғасырға жетпейтін уақыт аралығында араб, латын және кирилл әліпбиін пайдаланып, жазу тарихы әлденеше рет өзгерістерге ұшыраған қазақ халқы мұның зардаптарын көріп келді.
Осыдан бір ғасырдай бұрын А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы, Қ. Жұбанов секілді арыстарымыздың ұлттық тілімізді сақтау жайындағы ғылыми негізделген тұжырымдарын бүгінгі күн тұрғысынан жүзеге асырып, рухани жаңғыруымызға енді ғана мүмкіндік туып отыр. Сондықтан, Елбасымыздың рухани жаңғыруымыздың басты бір көрсеткіш ретінде латын әліпбиіне көшуді атап көрсетуі –дер кезінде көтерілген, кезек күттірмейтін өзекті мәселе деп білеміз. Демек, латын жазуына көшудің қазақ халқының ұлттық кодына қатысты қарастырылуы заңды болмақ.
Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе қоғамда негізінен оң қолдау тауып отыр, әрине әлі қарсыластар да баршылық. Әйтсе де, зиялы қауым бастап халқымыз бұл мәселенің маңызын түсінетініне сенеміз. Сондықтан ендігі жерде «Латынға көшеміз бе, жоқ па?» деген сұрақ емес, «Латыншаға қалай көшеміз?» деген сұрақ күн тәртібіне қойылуы керек.
Үлкен сапардың алғашқы қадамнан басталатын секілді, көп болып, тізе қосып іске кіріссек, алынбайтын асу жоқ. Бұл орайда Алаш арыстарының бірі Х.Досмұхаммедұлының осыдан бір ғасыр бұрын айтқан мына бір сөзін еске сала кетелік: «Осы заманға ғылым – Европа ғылымы, барлық Европа ғылымында қолданылатын тіл – латын тілі. Сондықтан латын тілі – жұртқа ортақ ғылым тілі болып саналады. Ғылым атаулы латынша айтса, француз да, неміс те, жапон да, ағылшын да түсінеді. Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл заманда ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды».
Халекеңнің осы айтқан сөзі бәрімізге де айтылған ортақ тұжырым, ортақ ақыл екенін түсінгеніміз жөн.
Б.Төлеуғалиев,
Қазақстан жазушылар Одағынын мүшесі
және «Мәдениет Қайраткері»,
Маңғыстау облысының «Құрметті азаматы»,
облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы
839
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.