©
Күні кеше Парламент тыңдауында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті және орынды деп есептейміз.
Латын әліпбиіне көшу дегеніміз – тарихымызды, сол арқылы руханиятымызды жаңғыртатын, елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білеміз.
Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара екендігіне күмәніміз жоқ.
Жазу — барлық халыққа ортақ, мәдениеттерді жалғастырушы, байланыстырушы құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады.
Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап, ілгерілетпесек, өркениетті елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Латын әліпбиіне көшу ол ең алдымен өркениетке бетбұрыс. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі болып саналады, демек болашағы зор.
Ұлттық құндылықтар әрқашан ана тілден бастау алады. Әліпбиімізді латынға көшіру - қазақ тіліне жаңғыруға жағдай туғызады.
Әрине, осы мақсатқа жету үшін үлкен ізденіс, мол еңбек, қыруар қаражат қажет. Осының бәріне ел болып күш-жігерімізді біріктірсек, латын әліпбиін үйренуге, меңгеруге әзір екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілігімізді танытайық!
Әрбір қазақстандық келелі, болашағы зор осы мәселеге өз үлесін қосса, бұл іс көп кешікпей жемісін беретініне сенімдіміз!
"Рухани жаңғыру" қоғамдық бірлестігінің
төрағасы Аят Сүгірбай