©
Былтыр Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының байланыс жүйесіне белгісіз біреулер залал келтірілген. Бұл екі дерек ұрлық емес, қасақана жасалған болуы да мүмкін…
Дистанция бастығының байланыс жөніндегі орынбасары Сағадат Кульшиков неге бұлай ойлайтынын да түсіндіріп өтті. Айтуынша, оқиға жылдың екінші және төртінші тоқсанында болған. Бірінші деректе «Бейнеу-Маңғыстау» телімінің 15-16 разъезд аралығындағы 363-шақырымда 150 метр байланыс сымын қиып әкетіп, 631 мың теңгеден астам шығын келтірсе, екіншісінде Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау-5 елдімекенінің тұсындағы 401 шақырымда жердің астымен өтетін байланыс сымдарының кабельмен жалғанатын жеріндегі «шкафтың» алқасын бұзып, ішін ашып, сымдарын кескен.
– «Маңғыстау-Бейнеу» теліміндегі ұрлықтың салдарынан сағат 00:50-де байланыс жоғалып кетті. Дереу резервтегі әуе байланысы қосылып, оқиға орнына «әуе байланысын қалпына келтіру» бригадасы келіп жөндеді. Бізбен бірге Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де тез жетіп, жұмыстарын жүргізді. Ал 401-шақырымдағы жағдай күндіз болған. Қарапайым тұрғын оған жақындауға сескенері сөзсіз, тоққа түсіп қаламын деген қорқыныш туындар еді. Әлдебіреу пайда тапқысы келді десек, ештеңе алмаған. Тек бұзып, бүлдірген. Сымдарды үзіп, құрылғыны істен шығарып, біздің жұмысымызға, пойыздар қозғалысына кедергі келтіруді мақсат тұтқан арам ниеттінің болуы ғажап емес. Дегенмен жүйеде бірі-біріне тәуелсіз екі «канал», яғни қосалқы байланыс жолы болғандықтан бірі істен шықса, екіншісі қосылып, біз зардап шекпедік, – дейді ШЧ өкілі.
Мұны кімнің жасағаны туралы әлі күнге нақты дерек жоқ. Жағдайдың енді қайталанбауы үшін дистанция басшылығы әуе байланыс сымы өтетін ауылдардың тұрғындары мен жақын маңдағы мекемелерге арнайы шығып, ескерту жұмыстарын жүргізіп, сонымен қатар сол аумақтан арнайы жұмыс киімсіз немесе күдік тудыратын адамды көргенде дереу полицияға хабарласуларын сұраған.
Жалпы мекеме жылды жақсы қорытындылаған. Қазір онда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Мақат-Маңғыстау» жобасы жүзеге асырылуда. Байланыс жүйесін жақсарту үшін жоба аясында бекет, станциялардағы 1980 жылдардан бері қолданылып келген байланысты қашықтықтан басқаратын құрылғы түгелдей жаңартылатын көрінеді. Жоспар бойынша тозығы жеткен әуе байланыс сымдары талшықты түріне ауыстырылып, бір сөзбен айтқанда, жыл соңына дейін жүйе заман талабына сай жетілдірілмек.
Шахида ЖҰМАН