©
Ақтауда жаңадан салынып жатқан «Әлия» тұрғын үй кешенінде дау туды. Ондағы бір пәтердің бірнеше адамға сатылғаны анықталды. Тіпті бір пәтердің 10 иесі бар болып шыққан. Бұл дау құрылыс компаниясы қызметкерінің қателігінен туған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Астана телеарнасына сілтеме жасап. «Ниет Строй Сервис» құрылыс компаниясының жаңа тұрғын үйінен пәтер сатып алып, бастапқы жарна құйғандар не істерін білмей дал. Дау бір пәтердің ондаған иесі анықталғанда басталды. Барлығының қолында сатып алғанын растайтын келісімшарт бар. Олар тіпті 3 млн-нан 10 млн-ға дейін бастапқы жарна құйып қойған. Құрылыс компаниясының түсіндіруінше, бұл жағдайға сату менеджері кінәлі. Ол кешендегі 160 пәтердің орнына 220-сын сатып жіберген. Енді 60 пәтердің иесі зардап шегіп отыр. "Ниет Строй Сервис" құрылыс компаниясының директоры Сәнгүл Аманжолова қателікті түзетуге болатынын айтады. Оның айтуынша, пәтер келісімшартты бірінші жасаған адамға беріледі. Ал басқа сатып алушыларға жаңадан салынып жатқан үйден пәтерлер жеңілдікпен ұсынылып отыр. Қосымша 3 млн теңге тұратын паркинг те берілмек. Сондай-ақ қалған азаматтардың қаржысын екі айдың ішінде қайтарамыз деп сендірді. Дегенмен, халық мәселенің мән-жайын анықтау үшін полиция мен прокуратураға арыз жазды.Көрнекі сурет сайт архивінен