Иорданияда күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Маңғыстау облысының балуаны Камиль Куруглиев жеңімпаз атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
12 шілдеде Амман қаласында күрес түрлерінен 15 және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты басталған болатын.
20 жасқа дейінгі жастар арасында ұлттық құрама балуаны Камиль Куруглиев (97 келі) финалда өзбек балуаны Айназар Базарбаевпен кездесіп, Азия чемпионы атанды.
Жауапты сында жерлесіміз барлық қарсыласынан бір саты биік тұрып, өзінің әлеуетін толық көрсете алды.
Айта кететін бір жайт, К.Куруглиев 2022 жылы жастар арасында Азия және әлем чемпионы атанған еді.
Сондай-ақ, Иорданиядағы сында жастар құрамасының мүшелері Мерей Базарбаев (57 келі), Мұхаметәлі Қабидолданов (70 келі), Мағжан Жанырбай (79 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.