Маңғыстаулық дзюдошы Нұргелді Қанат ТМД елдерінің II ойындарының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
60 келіде күрескен Нұргелді Қанат Белоруссияда өтіп жатқан ТМД елдерінің II ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салды.
Финалда ресейлік қарсыласына есе жіберген ол бұған дейінгі кездесулерде ресейлік және өзбекстандық қарсыластарынан басым түскен еді.
Айта кетейік, дзюдодан ТМД елдерінің II ойындары 7 тамызға дейін жалғасады. ІІ ТМД ойындары Белорусьте 4-14 тамыз аралығында өтпек.
Аталған жарысқа Қазақстан атынан 14 спорт түрінен 150 спортшы қатысуда (еркін күрес, әйелдер күресі, баскетбол, грек-рим күресі, дзюдо, жағажай волейболы, жеңіл атлетика, жүзу, каратэ WKF, көгалдағы хоккей, көркем гимнастика, қазіргі бессайыс, нысана көздеу, самбо).
Жарыстың салтанатты ашылу және жабылу рәсімдері ел астанасындағы «Минск-Аренада» өтеді.