Ақтауда мектеп командалары арасында өткен шахматтан әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кіші топта (12 жасқа дейін) Үндістаннан келген «Velammal MHS Mogappair» мектеп оқушылары барлық сегіз матчта жеңіске жетті. Екінші орын және күміс медаль Украинаның «Lviv Academic Gymnasium» командасына берілді (Львов қаласы). Үшінші орынға бірден бес команда үміткер болса, оның төртеуі – Қазақстаннан. Қола жүлдегерлер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Нәтижесінде медальдарды Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінен Аланбек Жайназаров, Әмір Жүкенов, Мирас Хасенов, Айсұлтан Анетов алды.
Ал үлкен топта (18 жасқа дейін) турнир аяқталуға бір күн қалғанда Стамбулдық «Istanbul ENKA High School» мектебінің шахматшылары алтын медальға қол жеткізді.
Қазақстандық математиктер Чемпионаттың соңғы күніне дейін тек жетінші орынға ие болып келсе, соңғы күні жеңіске деген ерекше төзімділік пен ерік-жігердің арқасында Алматылық РФММ күміс алды. Олардың 7-ші және 8-ші турдағы екі жеңісі, командалық ұпай бойынша Үнді командасымен теңесуге, ал қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан басым түсуге ықпал етті. Күміс жүлдегерлер қатарында Эдгар Мамедов, Иманғали Ақылбай, Әмір Иген, Зарина Нұрғалиева, Әлихан Дәулет бар. Осылайша, «Velammal Vidyalaya alapakkam» және «Chennai» үнді мектебінің оқушылары қола медаль иеленді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болашақта Ақтауда осындай турнирлер жиі өтетінін атап өтті.
- Бірнеше күнге созылған Халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Бұл стратегиялық маңызды жарыста біздің оқушылар өздерінің тапқырлығын, терең білімі мен коммуникациялық машықтарының жоғары екенін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада шахматтан әлем чемпионатының ашылуында «Шахмат – бұл адам санасын шыңдайтын спорт» деген еді. Бұл интеллект дамытатын қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар адамның ойлауына оң әсер ететін құнды құрал іспеттес. Осы спорт түрімен айналыса отырып, біздің жасөспірім балаларымыз тапқырлығы мен шығармашылығын шыңдайды, сондай-ақ өз қатарына үлгі болады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, шахматтың маңыздылығын және оның бүкіл әлемге танымал екенін атап өтті.
-Бүгін мұнда әлемнің 50-ден астам елінен ондаған команда жиналды. Бұл бүкіл әлемде шахмат спортының керемет танымалдығының және Қазақстанның әлемдік шахмат күн тәртібіне ықпалының айқын белгісі. Бұл турнир жүздеген жас шахматшылардың мансабының бастау нүктесіне айналғанына, сонымен қатар жаңа достар мен пікірлестерді табуға, Ақтаудың сұлулығын тамашалауға және қазақ мәдениетін тереңірек білуге мүмкіндік бергеніне сенімдімін», - деді Тимур Турлов.
Чемпионаттың жабылу салтанаты Каспий теңізінің жағалауындағы Амфитеатрда өтіп, түрлі-түсті отшашумен аяқталды.
Ересектер тобында бірінші орын алған Түркия құрамасының ойыншысы Исик Джан атап өткендей, чемпионат барлық қатысушылар үшін үлкен шахмат мерекесіне айналды.
– Бұрын-соңды шахмат жарыстарында мұндай жарқын өнер көрсеткен емеспін. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті, – дейді шахматшы.
Еске салайық, чемпионат 4-7 тамыз аралығында өтіп, әлемнің 53 елінен 400-ден астам мектеп оқушыларының басын қосқан болатын. Іс-шараны Халықаралық және Қазақстан шахмат федерациялары ұйымдастырды. Freedom Holding Corp бас серіктес болып, бас демеушілік көрсетті.
Іс-шара Маңғыстау облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Білім министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.