Жаңаөзен қаласының 55 жылдық мерейтойына орай алғаш рет футболдан облысаралық турнир өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Турнирге облыстың түкпір-түкпірінен келген 16 мен 42 жас аралығындағы 16 команда қатысты. Ойынды 5000-нан астам тұрғын тамашалады. Жарыс Жаңаөзен қаласының мәслихат депутаты Орынбасар Сейдов пен Асқар Ноғаевтың ұйымдастыруымен өткізілді.
- Тәуелсіздік алған жылдардан бері мұндай ойын Жаңаөзенде алғаш рет өткізіліп отыр. Сонымен қатар ойынға жастардың қызығушылығы зор болды. Аудан, қалалардан келген ойыншылар халыққа жоғары дәрежедегі ойын көрсете білді. Үздік деп танылған футболшылар бағалы сыйлықтармен марапатталып, кубок табысталды, - деді Асқар Ноғаев.
Турнирдің нәтижесі бойынша бірінші орынға жаңаөзендік «ӨзенМұнайСервис» командасы жайғасып, 1 миллион теңгеге ие болды. Ал «Ақтау» командасы екінші орын иеленіп, 750 мың теңге сыйақы алса,«Бейнеу» командасы үшінші орын алып, 500 мың теңгені қанжығасына байлады. «Шетпе» құрамасы төртінші орын мен 300 мың теңгені қанағат тұтты. Сондай-ақ турнир барысында үздік ойын көрсеткен футболшыларға 9 түрлі номинация мен 50 мың теңгелік сертификат берілді.
Турнир соңында жиналған халық концерттік бағдарламаға қатысып, отшашу тамашалады.