Ақтауда Әділ Темірхан атындағы дзюдо академиясының салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Алдымен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Елдос Сметов маңғыстаулық 35 балаға шеберлік сағатын өткізді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев қатысып, жылы лебізін білдірді.
- Бүгін қаламыз үшін ерекше күн. Мұндай орталықтың ашылуы өлкедегі спорт саласының өркендеуіне септесері сөзсіз. Кішкентай балалардың болашақта кәсіби спортшы болып қалыптасуына, қоғамда абыройы биік, танымал чемпион атануына тілектеспін,- деді Ұлықбек Тналиев.
Орталықтың тұсауын Елдос Сметов және облыстық Дзюдо Федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев кесті.
- Академияның болашағына кәміл сенемін. Өйткені Әділ белді, атақты спортшыларды дайындап шығарды. Жетістіктеріңіз көп болғай,- деді Асылбек Жолдыбаев.
Әділ Темірхан дзюдо және қазақ күресінің дамуына үлес қосып 20 жылдан бері бапкер ретінде қызмет етеді.
- Мен бала кезімнен әкемнен үлгі алып, спорт саласына қатты қызықтым. Қазіргі таңда қазақ спорты қарыштап дамып келеді. Жасөспірімдеріміз спорт саласын жанына серік етсе екен деген ниетпен осы орталықты ашып отырмын. Мұнда бір уақытта әр топта 50-60 баладан күніне 4 топ еркін қатысып, дайындала алады. Спорт мектебі заман талабына сай жабдықталған,- дейді Әділ Темірхан.
Айта кетейік, академия 9 шағынаудан 23 а ғимаратта орналасқан. Таңертең сағат 9:00 -ден 22:00 -ге дейін жұмыс істейді.