Ақтауда ҚР Ұлттық Ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6656 әскери бөлімі қатарына қабылданып жатқан 145 сарбаз салтанатты түрде ант қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздар БҚО, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласынан шақырылған.
Сарбаз болып сап түзеп, Отан алдында серт беруге жиналған өрендерді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали, әскерге шақырылушылардың туған-туыстары, «Сарбаздар аналары штабының» мүшесі Раиса Маденова, Ақтау қалалық жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары Бақытжан Берікбаев, 6656 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы майор Кенжеғали Нұрғожин және 6656 әскери бөлімінің командирі полковник Болатбек Мұхамбетқалиев құттықтап, сарбаздарға ел тыныштығын күзету абыройлы іс екенін айтты.
- Отан алдында борышын өтеуге кіріскен жас сарбаздарды құттықтаймын. Сіздер егеменді елдің еркін ұрпақтары мен бейбіт өмірдің өрелі өрендерісіздер. Отанды қорғау - ең ұлы міндеттің бірі. Әскер – тәуелсіздіктің тірегі. Өздеріңізге жүктелген міндетті жауапкершілікпен алып шығады деген сенімдемін. Елдің амандығы үшін қасқайып тұра алатын қазақ әскері деген атқа ие болып, айбынды армияның, әлеуеті мықты ел әскерінің абыройын асқақтатасыздар деген сенімдемін. Әскеріміздің айбыны арта берсін! - деді қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Ал 6656 әскери бөлімінің командирі полковник Болатбек Мұхамбетқалиев сарбаздарға Отан алдындағы борышты өтеудің маңыздылығын айтты.
- Әскери ант қабылдау - Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы. Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету - ең ұлы қызмет және мәртебе.
Қазақстанның ұлан-байтақ жері мен елін, ақтық демі қалғанша қорғау әр сарбаздың, азаматтың міндеті деп білемін, - деді Болатбек Мұхамбетқалиев.
Шара аясында әр өңірден келген сарбаздардың ата-анасы да сөз сөйлеп, жүрекжарды тілегін жеткізді.
-Үлкен өмірге аяқ басып, балаларымыздың жас сарбаз атанып жатқан күні құтты болсын. Әскердегі қызмет дегеніміз бозбала шақтан ер азамат болып, үлкен өмірге қалыптастыратын мектеп. Осы мектептен әрбір ел намысын қорғайтын патриоттар шығатынына сенім білдіремін. Ант қабылдап жатқан әрбір жас сарбазға антқа берік болуыңызды тілеймін. Ант қабылдау рәсімімен ата-аналарды құттықтаймын, - деді Қызылордадан келген ана Ақмарал Кеңесбекқызы.
Сарбаздар әскери ант қабылдаған соң, қатысушылар қоян-қолтық ұрысынан көрініс пен концерттік бағдарламаны тамашалады. Содан соң жауынгерлердің ата-анасы әскери қызметтің барысымен, сарбаздардың тұрмыс жағдайымен танысты.