Батыс Қазақстандағы түйенің арам өлуіне себепші болған Шалба ұңғысының мұнай шалшығын өңірдегі экология департаментінің мамандары ауыр техниканың көмегімен қоршады деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Sputnik.kz сілтеме жасап.
"Бұл нысан ауыр техниканың көмегімен қоршалған. Қалған жұмыстар жүргізіліп жатыр және олар аяқталғанша құзырлы органның бақылауында болады", - деді Маңғыстау облысы экология департаменті өкілдері.
Айта кетейік, 17 шілдеде мұнай төгілген жерде түйенің өлгені хабарланып, әлеуметтік желіде жануардың видеосы пайда болған еді. Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, 2020 жылы Маңғыстаудағы Шалба учаскесіндегі ұңғыманың төгілуі салдарынан мұнай шалшығы пайда болған. Осы оқиғаға қатысты министр Зульфия Сүлейменова да өз пікірін білдірді. Ол аумақты тазарту жұмыстарын жүргізетін жаңа учаске операторы бекітілгенін айтты.