20 – 25 тамыз аралығында Алматыда жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жағажай волейболынан ҚР чемпионаты өтті. Маңғыстау облысынан «Каспий» жағажай волейбол құрамасы қатысты. Аталған команда 1-орынды қанжығасына байлады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жарыста 2002 – 2003 жылғы, 2004 – 2005 жылғы және 2006 – 2007 жылы туған спортшылар бақ сынады. Алдымен волейболшылар Ақтау және Өскемен қалаларында өткен жарыста өз белсенділіктерін көрсеткен. Содан соң Алматы қаласындағы шешуші ойында сынға түсті. Құрама бапкерінің айтуынша, жарыс тартысты өткен. «Елдің әр аймағынан келген ойыншылар өз мүмкіндіктерін көрсетті, біздің команда да осал еместігін дәлелдеді. Жарыста жасөспірім қыздар жоғарғы нәтижеден көрінді. Бізді қолдаған Маңғыстау облыстық спорт басқармасына, ата-аналарға және спортсүйер жанкүйерлерге алғысымды айтамын», - дейді аға бапкер Нұрлан Саинұлы. Облыс намысын қорғаған волейболшыларға арнайы кубок, алғыс хат және бағалы сыйлықтар табысталды. Жеңіске жеткен маңғыстаулық спортшыларды Ақтау халықаралық әуежайынан Маңғыстау облыстық спорт басқармасының мамандары мен ата-аналары, жанкүйерлері күтіп алды. Чемпиондарды жеңісімен құттықтап, «Каспий» жағажай волейболы құрамасына алдағы уақытта сәттілік тіледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84587,84591,84592,84593,84589"]