Бейнеу ауданы Сарға елді мекенінде ауыл іргесінде жұмыс істеп жатқан Төкен Танаұлының мекемесінің демеушілігімен орталық алаңға жасанды футбол жабындысы төселді.
"Жақсыны көрмекке" деген ауыл басшылары мен жастар жаңа алаңда аудан көлемінде жарыс ұйымдастырды.
Ойын алаңы мен сайыстың салтанатты ашылу рəсіміне аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Б. Досов, ауыл әкімі М. Болысов, ардагер ұстаз С. Тақабаев қатысты. Жастардың жақсылыққа бастаған ісіне үлкендер батасын берді. Спортты жанына серік еткен жастардың көптігіне сүйсінді.
Жарысқа аудан көлемінде үздік ойындарымен көзге түскен 12 команда жиналды. Олардың ішінде Бейнеу, Сарға, Үстірт, Ақжігіт, Боранқұл ауылдарының құрамалары бар.
Таң ата басталған ойын, түн бата мәресіне жетті. Игі шараның көп көңілінен шығып, жарыстың абыроймен өткені - төккен тердің өтеуі. Бір ауданнан жиналған командалар бір ауылдың балаларындай болды.
Алаң жанына ақ отау тігіліп, қонақтарға дастарқан жайылды.
Жарыс қорытындысында 1 орын - ФК "Нұрдаулет" - 100000 теңге (Боранқұл ауылы), 2 орын - ФК "Олимпик" - 70000 теңге (Боранқұл ауылы), 3 орын - ФК "Болат" - 40000 теңге (Бейнеу селосы), 4 орын - ФК "АқСалим" - 20000 теңге (Бейнеу селосы) иеленді. Шабуылшының, қақпашының, қорғаушының да үздіктері де елеусіз қалмады.
Райымбек ТҮЗЕЛОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63304,63305,63303"]