Италияның Езоло қаласында қыркүйектің 16-ы мен 23-і аралығында 70 елдің қатысуымен киктайбоксингтен әлем чемпионаты өткен еді. Дүние жүзінен 600-ге жуық спортшы бақ сынаған әлемдік додаға Маңғыстау киктайбоксинг федерациясының шәкірттері де қатысқан болатын.
Еліміздің намысын әлемдік аренада қорғаған федерация шәкірттерінің арасында түпқарағандық жас спортшылар Ақылбек Құдайбергенов, Жалғас Сағатов, Мұхтархан Доғдырбай да бар.
Түпқараған ауданы, Таушық ауылының тумасы Жалғас Сағатов 71 келі салмақта, Ақтау қаласының тумасы Даулет Кадыров 51 келі салмақта бақ сынап, облыс спортының жүлде қорын қола медальмен толықтырды. Маңғыстау киктайбоксинг федерациясы бұл жүлдегерлердің бапкерлері Есенмұрат Селиков, Төремұрат Селиков және Балтабек Өтесбаевқа фейсбук әлеуметтік желісінде алғысын білдірді. Сонымен қатар осы әлем чемпионатына демеушілік көрсеткен Маңғыстау киктайбоксинг федерациясының президентіне де алғыс айтамыз делінген.
Өз тілшімізден