Ақтау қаласында 5-8 шілде аралығында өткізілген турнирдің жеңімпаздары анықталды. Айта кетейік ардагерлер арасындағы чемпионат Ақтау қаласында екінші мәрте өткізіліп жатыр. Турнирге 10 аймақтан 49 бен 76 жас аралығындағы 70-тен астам теннисші қатысты. «Жарыстың бірден-бір ерекшелігі - жас талғамайды. Сондай-ақ денсаулығы мықты болып, дәрігер қатысуға рұқсат берсе, ойнауға болады. Бұл спортта ми қозғалысымен қатар дене қозғалысы да бар. Жастарға үлгі көрсету мақсатында төреші етіп 9-16 жас аралығындағы спортшыларды таңдап алдық», - деді «ҚР үстел теннис федерациясы» ҚБ Маңғыстау филиалының төрайымы Раушан Исламғалиева. Жарыстың қорытындысы бойынша Алматы облысы топ жарса, ал маңғыстаулықтар екінші сатыдан көрінді. 21 жеңімпаздың әрқайсысына медаль мен диплом табысталып, I орынға кубок берілді. Сайыс жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Он облыстан келген әрбір сайыскерге жеңіске деген талпынысы мен алыстан ат терлетіп келгені үшін алғыс хаттар тапсырылды. Бағалы сыйлық ерлер арасында ең үлкен қатысушы Алматы облысынан келген 76-жастағы спортшыға және әйелдер арасынан 75-жастағы Маңғыстау облысының тумасына бұйырды. Абсолютті жеңімпаздарға да бағалы және қаржылай сыйлықтар берілді.
Асылзат Өсерқызы
Суретті Р.Исламгалиева ұсынды