Маңғыстау облысында «Лазарь Елмұханбетов Мемориалы» атындағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахматтан ашық турнир өтуде. Шілденің 5 күні басталған спорт жарысы шілденің 12 дейін жалғасады. 7-14 жас аралығында өткізіліп жатқан турнирдің басты қонағы – бірнеше мәрте әлем чемпионы, ерлер арасында шахматтан халықаралық шебері, халықаралық әйелдер гроссмейстері Динара Сәдуақасова. Әлемге әйгілі гроссмейстер облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қабылдауынан кейін турнирге қатысушы жас шахматшыларға шеберлік сабағы мен бір мезеттегі сеанс ойынын өткізді. Біз Динарадан эксклюзивті сұхбат алған едік.
- Динара, Ақтауға қош келдіңіз. Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Шахматқа қалай келдіңіз?
- Мен шахматпен 5 жасымда таныстым. Бұл ойын мені бірден баурап алды. Мені шахматқа анам әкелді. Чемпион немесе атақты болсын деп емес, анам менің жан-жақты болуымды мақсат етті. Музыкалық аспапта ойнағанымды қалады. Көркем гимнастикаға беріп мені әр қырымнан көргісі келді. Сондықтан өзімді әрдайым дамытып отыруға тырысамын. Қазіргі таңда шет тілдерін үйреніп жатырмын. Жүзуге қатысамын, жаттығу залына барамын. Тек шахматпен ғана шектелмеймін. Барлық қырымды дамытқым келеді. Атақты чемпиондардың бірі айтпақшы, «шахмат - менің өмірім, бірақ шахмат тек менің өмірім ғана емес».
- Қалай ойлайсыз кез келген адам мықты шахматшы бола ала ма? Әлде бұл адамның геніне, қабілетіне байланысты ма? Егер қабілетіне байланысты болса, бұрын-соңды ойнап көрмеген баладан мықты шахматшы шығатынын бірден білуге бола ма?
- Шахмат ойнау үшін анау айтқандай қабілеттің қажеті жоқ. Ең бастысы шахматты жақсы көру керек. Содан кейін қызығушылық болған дұрыс. Шахматпен кәсіби түрде айналысу маңызды емес. Баланың қандай да бір жетістікке қол жеткізе алатынын білу үшін, шахмат ойнау қабілетіне ғана емес, оның мінезіне қараған абзал. Ал шахмат ойынында мінез өте маңызды рөл атқарады. Себебі әртүрлі сынаққа, қиындыққа дайын болу керек. Менің жолымда түрлі қиындық, сынақ кездесті.
https://www.youtube.com/watch?v=5LwsJZz-V1o- Қазіргі таңда жастар шахматқа қандай көзқараста?
- Мен алғаш келгенде шахмат дәл қазіргідей дамымаған еді. Ал қазір түрлі шахмат мектептері, шахмат орталықтары ашылып, кейбір аймақтарда шахмат факультативті пәнге енді. Шахмат ұрпақтың интеллектуалды дамуына үлес қосатын құралдардың бірі де бірегейі деуге болады. Шахматтың бұлай дамып жатқанына өте қуаныштымын. Ал Маңғыстауға келсем, бұл аймақта талантты балалар өте көп екен. Алдағы уақытта Қазақстандағы маңызды шахмат орталықтарының біріне айналатына сенімдімін.
- Ақтауға келгендегі әсеріңізбен бөліссеңіз.
- Мен Ақтауға екінші рет келіп тұрмын. Қатты ұнайды. Балалардың шахматқа қызығушылығын, көздерінің жанып тұрғанын байқадым. Бұл - мен үшін қуанарлық жайт.
- Қазақстандағы мықты шахматшыларды атаңызшы?
- Шынында да, бізде мықты шахматшылар көп болды. Б.Каталымовты атап өткім келеді, ардагер шахматшы, керемет ойыншы. Қазақстандағы шахмат ойынының негізін қалаушылардың бірі - Евгения Владимирова, ол көп уақыт Гарри Каспаровтың секундаторы болды. Қашан да Қазақстанда мықты шахматшылар болды, өмірін шахматқа арнап, дамытуға үлес қосқан жандар көп. Маңғыстауда жастар арасында өтіп жатқан «Лазарь Елмұханбетов Мемориалы» ашық турнирін де айтуға болады. Солардың бірегейі ретінде өте керемет жан, өмірін шахматқа арнаған Лазарь Елмуханбетовты да атап өткім келеді.
- Сіздіңше, Қазақстан шахмат жөнінен әлемде нешінші орында тұр?
- Өзім жайлы айтсам, әлем бойынша әйелдер арасындағы Франциядағы «Корсик Мастерс» ашық турнирінің рейтингінде 11-ші орында тұрмын. Менің де нәтижем арқылы Қазақстанның шахматтағы деңгейін біледі. Әлем бізді мықты қарсылас ретінде таниды.
- Шахматты неге спортқа жатқызады?
- Өйткені жеңіс ойыншының физикалық дайындығына тікелей байланысты. Себебі біз физикалық дайындықсыз алты сағат ойнап, ойлап, жүрістерді таба алмаймыз. Шахматшы үшін жаттығу өте маңызды. Ал дайындық, жаттығудан соң 5-7 сағат сен жүрістерді, комбинацияны көресің және өзіңді жақсы сезінесің.
- Шаршаған кезде қалай демаласыз?
- Спортшылардың барлығы да шаршайды. Мұндай кездерде ең бастысы, өзіңе жайлы атмосфера жасаған жөн. Мысалы, мен Астанада болсам, қаланы аралағанды жақсы көремін, таза ауада серуендеймін. Жақсы көретін музыкаларды тыңдап, кітап оқимын.Бұлар стресті жойып, шахматтың режиміне қайта қосылуыма септігін тигізеді.
- БҰҰ-дағы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) елшісі екенсіз. Балалардың құқын қорғау бойынша Қазақстанда қандай іске араластыңыз? Мысал келтірсеңіз?
- 2017 жылдың қараша айында БҰҰ-дағы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) елшісі болдым. Мен үшін елші болу жұмыс емес. Бұл - жаныма жақын, айналысқым келген дүнием. Менің девизім мен ЮНИСЕФ-тің ережелері ұқсас. Біз бәрін балалар үшін жасаймыз. Ең бастысы балалар бақытты, дені сау және қауіпсіз қоғамда өмір сүру керек. Осы жылдың ақпан айында отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау кампаниясы іске қосылды. Астана, Алматы қалаларында кездесу ұйымдастырып, лидерлердің шешімі бойынша спикер болдым. Болашақта өзге қалаларда өткізу жоспарда бар. Қазір әр түрлі шахмат турнирлерін өткізіп жатырмыз. Сондай-ақ 1 маусымда Ақтөбе қаласында футболдан матч өткіздік. Аталмыш жарыста әкелері балаларымен кәсіби футболшыларға қарсы топта ойнайды. Өте тартысты, керемет ойын болды.
- Сұхбатыңызға көп рахмет! Жеңістеріңіз көбее берсін!
Сұхбаттасқан Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57808,57807,57806,57805,57804,57803,57827"]