Дзюдодан 2003-2004 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының чемпионатында маңғыстаулық қос дзюдошы Н.Жұбатқан мен А. Амангелдіұлы қола жүлдеге ие болды.
«Жас батыр» мектебінің спортшысы Нұрсұлтан Жұбатқан Қазақстан чемпионатына 42 келі салмақта қатысқан. Жас дзюдошының жаттықтырушысы - Жомарт Қобыланов.
Нұрсұлтан бірінші белдесуде Алматы облысының палуанын жеңді. Одан кейінгі белдесулерінде Батыс Қазақстанның, Қызылорда облысының палуандарымен кездесіп, жеңіске жетті. Ақтық сайысқа жолдама алу үшін күресте Қарағанды облысының дзюдошысына есе жіберіп, қола медаль үшін таласта Жамбыл облысының палуанымен кездесіп, үшінші орынға көтерілді.
Сонымен қатар, 38 келі салмақ дәрежесінде боз кілемге шыққан Асылжан Амангелдіұлы да қола жүлдегер атанды. Асылжан бірінші айналымда бос болып, жарысты екінші белдесуден бастады. Қос айналымда қарсыластарын жеңіп, 4 белдесуде қарағандылық палуанға есе жіберді. Соңғы қанағаттандыру белдесуінде алматылық палуанды жеңіп, қола медаль үшін күресте Қостанай дзюдошысынан басым түсті. Жас дзюдошының жеке бапкері - Ғалымжан Қыдырсиық.
Айта кетелік, жасөспірімдер арасында Павлодар қаласында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының чемпионатына республиканың 14 облысы мен 2 бас қаласынан 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Дүбірлі додада Маңғыстау облысының намысын Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия аудандарының дзюдошылары қорғауда. Маңғыстау облысының командасын чемпионатқа аға жаттықтырушы Пернеxан Төлепов алып барды.
Венера МИРЛАН,
Камшат ӘБДІРАЙЫМ
Суреттерді жаттықтырушылар ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="56244,56245"]