©
Ақтауда көпфункционалды спорт сарайының іргетасы қаланды. Кешеннің құрылысы жобаға сәйкес осы жылы басталады. Жоба бойынша спорт сарайы үш қабатты болады деп жоспарланған. Онда бокс және жекпе-жек спорт түрлеріне арналған көрермен залы, таэквондо, дзюдо және ауыр атлетика жаттығу залы, үлкен бассейн, дене шынықтыру мен сауықтыру шараларына, хореография мен гимнастикаға арналған бөлмелер болады. Сонымен қатар шағын футбол, баскетбол, волейбол, теннис және жеңіл атлетикаға арналған көп қызметті ашық алаңдар да қарастырылған. Жаңа спорт орталығында 1500 орындық көп қызметті зал орналасады. Спорт сарайының жалпы ауданы 20 220 шаршы метрді құрайды.
Спорт сарайының іргетасын қалау рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн және атақты спортшы Жақсылық Үшкемпіров қатысты.
«Бүгін NCOC әлеуметтік инфроқұрылымдық жобалар аясында жүзеге асырылып жатқан "Спорт сарайы" жобасы облыс тұрғындарының қызығушылығын одан әрі арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасайды. Осы Спорт сарайы ғимаратында, еліміздің туын көкке желбіретер ертеңгі чемпиондар шығатынына кәміл сенемін», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Ал Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров маңғыстаулық жастарды спортпен айналысуға шақырды.
«Бүгінде жастардың спортпен жастайынан шұғылданып, өз елін әлемге танытатын атақты спортшыға айналу мүмкіндігі бар. Біз жастарымызға атақты спортшыларды үлгі ете отырып, табандылық пен еңбексүйгіштіктің арқасында бәріне қол жеткізе алатынын түсіндіргіміз келеді», - деді Жақсылық Үшкемпіров.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ