28 сәуір күні ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін дәстүрлі «Қазақстан Барысы» VIIІ республикалық турниріне Маңғыстау облысы бойынша іріктеу жарысының ІІ кезеңі Жаңаөзен қалалық іріктеуі өтті. №2-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен биылғы жарыс осымен 8-ші рет ұйымдастырылды.
Додаға қала мен оған қарасты ауылдардан он бес палуан қатысты. Салмағы 90 келіден жоғары түйе палуандар арасындағы бәсеке тартысқа толы болды. Өйткені өздеріңіз білесіздер, күрес өнері біздің халқымызға ежелден жақсы таныс. Жамбасы жерге тимеген әйгілі Қажымұқан, Балуан Шолақ тәрізді палуан бабаларымызды айтпағанның өзінде, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ батырларының қай-қайсысы да күрес өнерінің шебері болғаны анық. Мұндай іс-шараның елімізде жас спортшыларды дайындауға және жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын оятуға тигізетін ықпалы айрықша.
Айтулы доданың салтанатты ашылу рәсіміне Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәнім Танаева, «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Байжанов қатысып, спортшыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тіледі.
Халқымыздың көнеден келе жатқан дәстүрі бойынша сайысқа түсетін саңлақтарға ел ақсақалы Таған Құмашев бата беріп, арнайы ұйымдастырушылардың атынан ақсақалымызға шапан жабылды. Жарыстың әділдігіне шүбән болмас үшін ұйымдастырушылар жеребе тарту рәсімін өткізді. Сонымен қатар, спорттағы жоғары жетістіктері үшін 18-22 сәуір күндері Жезқазған қаласында өткен 2001-2002 жылы туылған жасөспірімдер арасында ҚР-ы Чемпионатының қола жүлдегерлері Жандос Байбосынов пен Маржан Қаналиева қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақ күресінен Қарақия аудандық турнир өттіҚазақ күресін, ұлттық ойынымызды насихаттап, кеңінен таныту мақсатында өткен жарыс қорытындысында алтын белдікті Бекқали Мұсаев иеленіп, «Жаңаөзен барысы» атанды. Күміс белдікті Сағат Ғазимов тағынса, қызылсайлық Ерлан Жаманқараев жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Облыстық «Қазақстан Барысы» іріктеу жарысына Жаңаөзен қаласынан Бекқали Мұсаев пен Сағат Ғазимовқа жолдама берілді. Алтын және күміс белдікті тағынған палуандар енді мамыр айында облыстық бәсекеде қаламыздың намысын қорғайтын болады.
Меруерт ТЕҢЕЛБАЕВА, Қалалық дене шынықтыру және
спорт бөлімінің инспекторы