Маңғыстауда Қазақтың Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесіне арналған грек-рим күресінен жастар арасындағы халықаралық гран-при турнирі басталды.
Спорт сайысына Әзірбайжан, Иран, Ресей, Литва, Украина, Белоруссия сынды әлемніің 15 елінен 60 спортшы қатысып жатыр. Турнирде Қазақстанның намысын 5 спортшы қорғайды. Олардың төртеуі Маңғыстау облысы командасының атынан шықса, бір палуан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының атынан белдеседі.
Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Бахтияр Байсеитов, Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Иманбаев сынды Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері қатысты.
«Мұндай халықаралық доданы киелі Маңғыстау жерінде өткізуді қолға алған ұйымдасырушыларға алғыс айтамын. Әзірбайжан, Иран, Ресей, Литва, Украина, Белоруссия сынды 15-тен астам елден бақ сынай келген қатысушыларға сәттілік тілеймін! Бұл турнир маңғыстаулықтарға ғана емес, барша қазақ жастарына әлемдік спортта бақ сынауға мүмкіндік берері сөзсіз», - деді облыс басшысы Ералы Тоғжанов.
Турнир 4-6 мамыр күндері «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде өтеді. Турнир жеңімпаздары медальдармен және 1 орын иегері 1 000 доллар, 2 орын - 700 доллар, 3 орын - 500 доллар көлеміндегі ақшалай сыйлықтармен марапатталады деп күтілуде.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ