©
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыста мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен өтетін VІІІ жазғы спартакиада жалауын желбіретті. «Дарын» қосымша білім беру орталығының «Балдәурен» демалыс базасында ашылу салтанаты ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, спорт жанашырлары мен білім басқармасының басшылары қатысты.
-Елбасы әр сөзінде салауатты өмір салтын сақтап, бұқаралық спортты дамытуды жиі айтады. Сондықтан да аймақта әр түрлі бағытта спорттық жарыстар ұйымдастырып тұрамыз. Мұның барлығы жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, әр түрлі спорт секцияларына қатысуына септігін тигізеді. Бүгінгі шараның қонағы ретінде шақырылған белгілі былғары қолғап шебері, бокстан Әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов пен дзюдодан Азия чемпионы Сұңғат Жұбатқанның да спорттағы жетістіктері Сіздерге үлгі болуы тиіс. Сіздер де осындай биік белестерді бағындыру үшін облыста ұйымдастырылатын шараларға белсенді қатысуларыңыз керек. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілемін, алдағы уақытта республикада өтетін жарыста облыс намысын абыроймен қорғаңыздар,-деді шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева.
Аймақтық дене тәрбиесі орталығының директоры Бақыт Ибраевтың айтуынша, спартакиада спорттың 32 түрінен өткізілмек. Жарыстан жеңімпаз атанғандардан облыстың құрамасы жасақталып, олар Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Өскемен қалаларында өтетін республикалық спартакиадада бақтарын сынайтын болады. Жалпы алғанда бұған дейін Маңғыстау облысының құрамасы жақсы көрсеткіш көрсеткен. 2014 жылы жағажай волейболынан командалық есепте ұлдар мен қыздар бірінші орынды иеленсе, гандболдан жүлдегер атанған. Сонымен қатар қазақша күрес, самбо, дзюдодан біраз жеткіншек топ жарып, облыс мерейін өсірген.
-Сондықтан да жастарымыз биылғы республикалық спартакиада облыс намысын абыроймен қорғап, сол деңгейден төмен түспейді деп ойлаймын. Облыстық кезеңге дейін мектепшілік, аудандық, қалалық жарыстар өтті. Мектепшілік жарыстарға 25 мың бала қатысса, аудан мен қаланың кезеңінде 10 мың және облыстық іріктеуге 3500 жастар қатысып отыр. Олардың арасынан 400 жас іріктеліп, республикалық жарысқа жолдама алатын болады,-дейді аймақтық дене тәрбиесі орталығының директоры Бақыт Ибраев.
Биылғы спартакиаданың ерекшелігі ұлттық спорттан асық атудың енгізілуі. Сондай-ақ, жарысқа қатысушылар спорттың қазақша күрес, тоғызқұмалақ, кекушенкай каратэ, үстел теннисі, шахмат, баскетбол, волейбол, футбол, гір тасын көтеру, дартс, дойбы, мылтық ату, суға жүзу, жеңіл атлетика, еркін күрес, грек-рим күресі, бокс, бильярд, таэквандо түрлері бойынша бақтарын сынамақ.
Венера МИРЛАН