Ақтаудағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде 2000-2001 жылы туған жасөспірімдер арасында дзюдодан, ересектер арасында спорттық және әскери самбодан облыс құрама командасына іріктеу өтті. Жарыста топ жарып, жеңімпаз атанғандар наурыз айында Талдықорған қаласында өтетін республикалық турнирде аймақ намысын қорғайтын болады. - Жарысқа өңірден 200-ге жуық балуан қатысып, күш сынуда. Олардың арасында өткен жылы ҚР чемпионатында топ жарып, күміс жүлдені иеленген шәкіртім Нұрбек Қуанышұлы (55 келі салмақта) да бар. Жалпы аймақта мұндай жарыстардың жиі ұйымдастырылып тұруы спортшылардың жігерін жанып, жеңімпаздардың қатарынан көрінуі үшін талпынып, үздіксіз дайындалуына көп септігін тигізеді деп айта аламын. Бүгінгі іріктеуден өтіп, 1,2 орын алғандар алдыға айда Талдықорған қаласында самбо күресінен жасөспірімдер арасында өтетін ҚР чемпионатына жолдама алады. Бұл турнир бір жағынан Азия балалар ойынына іріктеу болып та саналады. Оған бүгінгі жарыстан топ жарып, арнайы жасақталатын команданы бапкерлеріміз Ерлан Серіков пен Жанғали Нұрдәулетов алып баратын болады,-дейді «Жастар» спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов. Тартысты өткен жарыстың нәтижесінде мықтылардың арасынан самбо күресі бойынша 52 келі салмақ дәрежесінде Асылбек Сейілханов («Жастар» спорт мектебі), 57 келі салмақта Мардан Есекенов («Жастар» спорт мектебі), 62 келі салмақта Әмірбек Жеңісов («Жастар» спорт мектебі), 74 келі салмақта Нұртас Масат (Шетпе кенті), 82 келі салмақта Көшкінбай Қобыланов («Жастар» спорт мектебі), 90 келі салмақта Әділет Тұманшаев («Жастар» спорт мектебі), 100 келі салмақта Ақылбек Айжарықов («Жастар» спорт мектебі) және +100 келі салмақта Ғайса Қалмұханов («Жастар» спорт мектебі) топ жарып, облыс құрамасын жасақтады. Ал, әскери самбодан Аман Тайшеев (52 келі салмақта), Нұркен Домбаев (57 келі салмақта), Мақсат Насиров (62 келі салмақта), Бауыржан Ботабаев (68 келі салмақта), Парахат Әбдіжамалов (74 келі салмақта), Асхат Хапанов (82 келі салмақта), Виктор Конопкин (90 келі салмақта), Ренат Хабибуллин (+100 келі салмақта) жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, дзюдо күресінен Р. Әбдіхалық (+90 келі салмақта), О. Жетпісбаев (90 келі салмақта), Б. Құсайын (81 келі салмақта), Н. Қалдыбай (73 келі салмақта), Ш. Қойлыбаев (66 келі салмақта), Е. Бақыт (60 келі салмақта), Н. Қуанышұлы (55 келі салмақта), Н. Қуандық (50 келі салмақта), Т. Қобланов (46 келі салмақта) алтынды еншілесе, қыздар арасында А. Джаришева (+70 келі салмақта), А. Қарғаликова (70 келі салмақта), С. Аманқосова (63 келі салмақта), Т. Мырзағалиева (57 келі салмақта), А. Нигматуллаева (52 келі салмақта), М. Каналиева (48 келі салмақта), А. Айжарықова (44 келі салмақта), С. Жұманазарова (40 келі салмақта) жеңіс тұғырынан көрінді. Венера МИРЛАН