Қызылорда қаласында өткен теннистен «Қызыл доп» республикалық турнирінде ақтаулық Альмира Аташова жеңімпаз атанды.
Турнирге Ақтау, Шымкент, Қызылорда қалаларынан 6-8 жас аралығындағы теннисші бүлдіршіндер қатысты. Бұл туралы Ақтау қалалық "Теннис бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі" басшысының спорттық оқу ісі жөніндегі орынбасары Алтынгүл Елбаева хабарлады.
Сайыста Ақтау қаласының намысын қорғаған сегіз жасар Альмира Аташова 1-орынға ие болды. Финалдық кездесуде ол қарсыластарын 7:2, 7:3 ұпаймен ұтты.
Альмира тенниспен бес жасынан бастап айналысады. Айта кетелік, Альмира бұған дейін Ақтөбеде өткен республикалық «Қызғылт сары доп» турнирінде 3-ші орын алған. Жас теннисшінің бапкері - Қуатбек Абиев. Бүгінде теннис спортының болашақ жұлдыздарын дайындап жатқан Ақтаудағы теннис бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 300-ден астам бала жаттығады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті теннис мектебі ұсынды