©
Ақтау қаласында 10-11 наурызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Маңғыстау облысы әкімінің кубогі» үшін волейболдан ардагерлер арасындағы республикалық және жастар арасындағы облыстық ашық турнирі өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
- Маңғыстау облысында волейбол спортын дамыту, жергілікті спорт орталықтарының волейболшыларын баптау үшін түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып отырады. Солардың бірі - бірнеше жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты ұйымдастырылып келген «Алтынқұрық» ЖШС Кубогі» үшін турнир болатын. Биыл турнир «Маңғыстау облысы әкімінің Кубогі» деңгейіне ауысып, ауқымы мен салмағы арта түсті. Командалар наурызда өтетін осы турнирді асыға күтіп, сұрастыра жүретін болды. Бұл ерекше атап өтетін жағдай және турнирдің спортшылар үшін маңыздылығын көрсетеді, - дейді «Маңғыстау облыстық волейбол Федерациясы» ҚБ төрағасы В.Мастихин.
Федерация төрағасының айтуынша, ардагерлер арасындағы волейболдан республикалық турнирге қатысуға Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Атырау, Тараз қалалары мен Маңғыстаудың қала-аудандары командаларынан өтінімдер келіп түскен. Ал жастар арасындағы облыстық турнирге Маңғыстау, Қарақия, Жаңаөзен, Бейнеу және Ақтау қалаларынан өтінімдер қабылданған. Сондай-ақ Мұнайлы мен Түпқараған аудандарынан командалар қатысады деп күтіліп отыр.
- Өзім осы спорт түрінің жанашыры ретінде қолымнан келгенше Маңғыстау волейболының дамуына атсалысып жүрмін. Көптеген жарыстың өтуіне тікелей демеушілік жасап келемін. Соңғы үш-төрт жылдан бері «Амал» мерекесіне орай ардагерлер арасында волейболдан республикалық турнир ұйымдастырып келеміз. Биыл да осы дәстүрімізден жаңылмақ емеспіз, - деді Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты, «Алтынқұрық» ЖШС қаржы директоры Қуанышбек Әбдірахман.
Еліміздің батыс өңірінде 14-наурыз – Амал мерекесін ерекше ықыласпен күтеді. Сондықтан шара «Батыстың амалы – татулықтың қамалы» деген атпен өтпек. Турнирдің тұрақты демеушісі Қ. Әбдірахман жыл сайын ардагерлер арасында өткізілетін турнирдің биылғы ерекшелігі – жастар арасында облыстық турнирдің қосылуы екенін айтты. Сондай-ақ қос додаға арналған жүлде қоры 1 млн 500 мың теңгені құрайтынын айтты.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Сурет сайттың архивінен