Словения астанасы Любляне қаласында футзалдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы бірінші ойынында Польшаны 5:1 есебімен ойсырата ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бұдан екі жыл бұрын Сербияда өткен Еуропа чемпионатында мұндай додаға алғаш рет қатысқанына қарамастан, айды аспанға шығарып, қола жүлдегер атанған Какаудың шәкірттері Польшамен кездесуді сәтті бастады. 3-минутта әдемі комбинациядан кейін Қазақстан құрамасына жаңадан алынған Тайнан қақпа бұрышын дәл көздеп, есеп ашты. 9-минутта команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменовтің тамаша пасынан кейін Біржан Оразов есепті 2:0-ге жеткізді. Бірінші тайм бітуге бір минуттай қалғанда, Д.Сүлейменов сол қапталдан суырылып шыққан Дугласқа пас берсе, ол қарсы тұстағы Серік Жаманқұловқа сырғыта салды. 2016 жылғы Еуропа чемпионатында бес гол соғып, мергендердің қатарынан көрінген Серікке бұл допты қақпаға енгізу қиын болған жоқ. Ойынның алғашқы бөлігінде поляктар бес мәрте тәртіп бұзды. Содан кейін Польшаның қақпасына пенальти белгіленді, бұл нүктеден Михаил Першин мүлт кеткен жоқ.
Екінші таймда поляктар алға ұмтылып бақты. Олардың гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Сол секілді Шыңғыс Есенамановтың соққысын Польшаның қақпашысы Михал Калужа қайтара білді. Ал Қазақстанның қақпасын 2015 және 2016 жылдары әлемнің үздік қақпашысы атанған Игита қорғап, кей тұстарда өзінің сүйікті әдетіне басып, шабуылға да қосылып отырды. Дегенмен, 28-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін Доминик Солецки есепті қысқартты. Матч аяқталуға бес-алты минуттай уақыт қалған кезде поляктар қақпашысын алаңдағы ойыншыға ауыстырып, шабуылға көшті. Бірақ өздері Шыңғыс Есенамановқа қарсы тәртіп бұзып, тағы 10 метрлік айып добы белгіленді. Бұл жолы М.Першин Калужаның орнына шыққан қақпашы Михал Видухты алдай алмады. Әйтсе де көп ұзамай Видух Дугластың соққысын өткізіп алды. Содан соң Кайнанның тағы бір гол соғатындай мүмкіндігі болды.
Тағы оқыңыз: Ақтауда 600 бейнебақылау камерасы орнатыладыБір өкініштісі, шабуыл кезінде поляк ойыншысы аяғынан теуіп, жарақат алған Альберт Ақбалықов содан кейін алаңда көрінген жоқ. Сондай-ақ Игитаның да жарақатын ауырсынғаны байқалып тұрды. Біріншілік барысында футболшылардың, әрине, қатардан шықпағаны жақсы.
Осылайша, команда құрамында негізгі ойыншылардың бірі, жарақат алған Лео болмаса да, қазақстандықтар биылғы біріншіліктің алғашқы кездесуінде-ақ күштілердің бірінен саналатынын көрсете білді.
В тобында бірінші кездесуде поляктар 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ресей құрамасына қатты қарсылық көрсетіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. Енді 3 ақпан күні Қазақстан мен Ресей құрамалары өзара ойнайды. Плей-офф бәсекесіне әр топтан екі команда жолдама алатынын ескерсек, соңғы матчтың нәтижесіне қарамастан, Қазақстан құрамасы қазірдің өзінде ширек финалға шығып отыр. Тек келесі кезеңде неғұрлым осалдау қарсылас түсуі үшін өз тобында бірінші орынға ие болған жақсы. Ол үшін ресейліктермен тең ойын жеткілікті.
Айта кетейік, 30 қаңтарда басталған Еуропа біріншілігі 10 ақпан күні мәреге жетеді.
Дереккөз: ҚазАқпарат
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47651,47650,47652"]