Жақында Ресейдің Мәскеу қаласында 2004-2009 жылғы балалар арасында көркем гимнастикадан халықаралық ашық турнир өтті. Оған Петербор, Орынбор, Қазан, Мәскеу қалаларынан және Филиппин елі мен Қазақстан Республикасының спортшылары қатысып, бақ сынасты.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы атынан Ақтау қаласынан Мария Түгелбаева мен Аққу Манарбекқызы барса, Мұнайлы ауданынан №5 орта мектептің оқушылары Ұлжан Абдырахман мен Жансая Жанбуршиева және №1 мектептің оқушысы Қарлығаш Каримханда әлемдік деңгейдегі гимнасттармен бірге өнерлерін көрсетіп, тәжірибе алмасты.
Аталған оқушылардың ішіндегі Абдрахман Ұлжан мен Жанбуршиева Жансая №5 орта мектептегі 5 «А» сыныбында оқиды. Оқу озаттары. Мектептегі «Көркем гимнастика» үйірмесінің жетекшісі Бибігүл Ерназарова тәрбиеленушілерін халықаралық деңгейдегі турнирге алғаш рет қатыстырып отырғандығын және маңғыстаулық жас гимнасттар Мәскеу қаласында жақсы өнер көрсете білгенін айтты.
Атап айтар болсақ Ұ.Абдрахман 2004 жылғы 42 үміткердің ішінен оза шауып, үздік ондыққа енсе, ен. Ал Ж.Жанбуршиева 2007 жылғы 58 жас гимнаст қыздардың арасында 16-орынға табан тіреген. Алғаш рет шет елге жарысқа барып, өнерлерін шыңдап келген жас өнерпаздар қазіргі таңда Қазақстан чемпионатына дайындық үстінде.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА