Өткен сәрсенбі күні Маңғыстау ауылдық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай 8-11 жас аралығындағы ұлдар арасында каратэ-додан аудан біріншілігі өтті.
Аталған жарысқа аудан әкімінің орынбасары Б.Біләлов, аудандық мәслихат депутаты Б.Дюсалиев, ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев және аудандық ауған соғысының ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Біләлов пен ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Шаулиев ауған ардагерлерін мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, шараны ашып берді. Жас спортшылар сап түзеп ортаға шығып, мемлекеттік Гимнді орындады.
Дода алаңында аудандағы барлық спорт мектептерінен және Ақтау қаласынан спортшылар қатысып, барлығы 45 жас бақ сынады. WKF-ережесімен тартысты өткен бәсекелі ойында Е.Сәрсенов бас төрелік етсе, А.Төребаев бас хатшы қызметін атқарды.
Әділ төрешілердің шешімі бойынша 8-9 жас аралығында М.Баймұрат, Д.Дүйсенбай, Е.Ерлан А.Абдрахманов жүлделі бірінші орыннан көрінсе, 10-11 жас аралығындағы сайыста Қ.Тәңірберген, Ж.Аяпберген, А.Хадырбаев, М.Қыныбай, И.Түркменбай алғашқы орынды бермеді. Ауған соғысының ардагерлері жүлделі орын алған жастарға сыйлықтарын табыстады.