Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы деген сөзді естігенде елең етіп, көкірегіне қуаныш сезімі ұяламайтын адам жоқ шығар сірә. Ауданымызда ерлік пен елдіктің, өрлік пен бірліктің мерекесі жыл басынан бері салтанат құрды десек те болады.
Жыл бойы жиырма бес жылда жеткен, мерейімізді өсірген межеміз сараланып, әр күніміз қуанышты көңіл-күймен дараланды. Биыл егемен еліміз екі мүшелге толған тұста ауданымыздың әр бұрышында тарихи-танымдық, мәдени-көпшілік шаралар легі толастаған жоқ. Әсіресе, салауатты өмір салтын насихаттаған спорттық бәсекелер бәрінен де асып түсті. Жастарымыз жеңіс жалауын желбіретіп, байрақты бәсекелерден олжалы келгенде шаттаған көңілдегі қуанышты ардагерлердің спортқа атсалысуы еселей түскендей. Жастарға саламаттылық пен ұлтжандылықтың үлгісін көрсеткен ардагерлеріміз жуырда өткен Тұңғыш Президент күні мерекесі мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесіне арналған аудандық жарыста сын түсті. Аудандық мәдениет және дене шынықтыру, спорт бөлімінің ұйымдастыруымен шахмат, дойбы, бильярд, домино,тоғызқұмалақтан өткен жарысқа қатысуға ниет білдірген ардагерлер саны көп болды.
Аудандық ардагерлер үйінде өткен жарыстың ашылуында ел мен жер тұтастығы, ұлт бүтіндігі, ұрпақ болашағы туралы толымды пікір мен жүрекжарды тілектерін айтқан ардагерлер спорттың әр түрі бойынша тартысты ойын өрнегін өрді. Т.Қалдығұлов, Ж.Тәпесов, Ш.Байпақов, Д.Қабасов, М.Жұбауов, А.Ізтұров, Е.Үбінаев жүлделі орынды иеленіп, ұйымдастырушылардың сый құрметіне бөленді.
Лаура ӘБДІБЕКҚЫЗЫ