Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағасында Азияның ең мықты триатлоншылары бас қосты, деп хабарлайды mangystaumedia.kzhttp://mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасына сілтеме бере отырып.
Маңғыстаулықтар жарыстың алғашқы күні Elite санатындағы қыздар мен жігіттер арасындағы қызықты жарыстың куәсі болды. Спортшылар стандартты қашықтықта сынға түсті: 1500 м жүзу, 40 шақырымда велосипед және 10 шақырым жүгіру.
Қазақстандық спортшылар Аян Бейсенбаев пен Екатерина Шабалина сайыста жігер танытып, жеңіс тұғырына өте жақын болды. Elite санатының қорытындысы бойынша жапондықтар топ жарды, Рэн Сато Азия чемпионы атанса, Кэндзи Ненер 2-орын, Макото Одакура 3-орын, ал қазақстандық Аян Бейсенбаев 4-орынға тұрақтады.
Қыздар арасында Elite санатында Жапония елінің спортшысы Ёка Такахаси триатлоннан Азия чемпионы, екінші және үшінші орынға қытайлық спортшылар Синьи Лин және И Фан Янг, ал төртінші орынға Екатерина Шабалина иеленді.
Азия чемпионатының екінші күні эстафеталық командалар арасында өтті. Жапондық спортшылар жақсы тактика таңдап, ең мықты спортшыларды алға шығарды, сол арқылы қалған командалардан басым түсті. Қазақстан құрамасының спортшылары жарыс бойы екінші орында келді, алайда соңғы жүгіру жарысында Гонконг және Қытай командалары басым түсті. Нәтиже – Гонконг құрамасы екінші, Қытай үшінші, Қазақстан төртінші орынға орналасты.
Екі күнге созылған триатлоннан өткен Азия чемпионаты 17-18 қыркүйек күндері «Rixos Water World» қонақ үйінің аймағында өтті.