Қостанай қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында маңғыстаулық екі боксшы чемпион атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жарысқа аға жаттықтырушы Асхад Камаловтың басшылығымен Маңғыстау облысынан 10 спортшы қатысып, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде иеленді.
Атап айтқанда, Мұнайлы ауданының спортшысы 66 келіде Бекарыс Нұрмұхан, бапкері Асқар Ермаков және Бейнеу ауданының спортшысы 75 келіде Бақытжан Айтмұханов, бапкері Махамбет Нұрыллаев 1 орын алып ҚР чемпионы атанды.
Ал, Ақтау қаласынан 80 келіде өнер көрсеткен Диас Аюпов күміс жүлдегер атанса, осы салмақ дәрежесінде Бекарыс Нариман қола жүлдегер атанды. Спортшылардың бапкерлері Салық Жантуреев пен Салауат Мырзабаев.
Маңғыстау облыстық бокс федерациясы өкілінің айтуынша ҚР чемпионы атанған Бекарыс Нұрмұхан финалда Алматы облысының спортшысы Ризат Тұрсынбекті жеңсе, Бақытжан Айтмұханов алматылық Асанәлі Сәтбаевты ұтты.
Ал Диас Аюпов ақтық сайыста Ұлытау облысының боксшысы Владислав Саможоновтан жеңілді. Чемпион атанған спортшылар ҚР спорт шебері атағын орындаған. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде Маңғыстау құрамасы жалпыкомандалық екінші орынға жайғасты. Аталған жарыс 30 қараша мен 6 желтоқсан аралығында өтті.