Маңғыстаулық дзюдошы Бауыржан Нарбаев Тель-Авивте өтіп жатқан «Grand Slam» турнирінде күміс жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ол бірінші белдесуде израилдік Лиор Рафаиловтан басым түсті. Екінші кездесуде грузиялық Темур Нозадземен сынға түсіп, ширек финалға жолдама алған.
Ал ширек финалда Бауыржан Нарбаев Нидерландыдан келген дзюдошы Торнике Цжакаоемен белдесті. Нәтижесінде жеңіске жетіп, жартылай финалда әзербайжандық Карамат Гусейновпен күресті.
Бірақ финал маңғыстаулық спортшы үшін сәтті болмады. Ол украиндық Артем Лесюкке есе жіберіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Турнирдің алғашқы күнінде-ақ олжалы болған жергілікті спортшы 60 келі салмақта күрескен болатын. Одан бөлек дзюдошы Мағжан Шамшадин дәл осы салмақта қола жүлдені қоржынға салды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА