28 ақпан күні Ақтаудағы Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында А.Чеховтың пьесасы бойынша «Шағала» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Спектакльді сахналау үшін «Альсаври» Халықаралық театр фестивалінің жеңімпазы, грузиялық қоюшы-суретші Тамри Охикиян, сондай-ақ қазақстандық музыкалық-драма театрының бас балетмейстері Салтанат Сұңғат шақырылған. Қойылымның режиссері – Гүлсина Мирғалиева.
Антон Чеховтың «Шағала» спектаклі көрермендерге ерекше ұнады.
«Бұл күнді көрермендер де, театр ұжымы да асыға күтті. Жарты жыл бұрын театрда Антон Павлович Чеховтың әлемдегі ең танымал пьесаларының бірі – әлемдік драматургияның классикасына айналған «Шағала» қойылымын сахналау идеясы пайда болды. Біз классикалық репертуарға ерекше назар аударамыз. «Шағала» спектаклінің дайындық жұмыстары жарты жылға созылды», - деді Гүлсина Миргалиева.
Грузиядан келген қоюшы-суретші Тамри Охикиян театр әртістерімен жұмыс барысында, олардың жоғары кәсібилігін сезінгенін атап өтті.
— «Шағала» кем дегенде жүз реттен көп қойылды. Мұндай мәтінмен жұмыс істеу режиссер үшін үлкен жауапкершілік. Шығармада қандай көркемдік шешім жаңашылдық болатынын анықтау қажет. Менің ойымша, театр ұжымы бұл тапсырманы сәтті орындады. Мен труппамен жұмыс істегеніме қуаныштымын. Бұл өзара тиімді тәжірибе алмасу болды» - деді Тамри Охикиян.
Нұрлан Ноғаев шығармашылық дайындықтың бекер кетпегенін, ұжым өнерпаздары алға қойған мақсатына қол жеткізгенін, «Шағала» қойылымының премьерасын абыроймен сахналағанын атап өтті.