Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп қазақстандықтардың мәдениеті төмендеп кеткенін айтып, мәселеге Үкіметтің араласуын сұрады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік. Дәл Жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміздің жеткен жері осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік?», - деді Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында.
Депутатың пікірінше, бұған мәдениеттің төмендеп кетуі себеп.
«Ең алдымен тәрбие. Еліміздегі тәрбие мәселесі дұрыс емес. Отбасындағы тәрбие далада қалды. «Біреудің затын алма, тегін болса да тиіспе» деген ежелгі тыйым қайда кетті? Халқымыздың «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген даналығы желге ұшқаны ма? Қазақта көргенсіз деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз. Ақ көйлектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге болады, ал ұлттың атына кір келсе, оны қалай кетіреміз?
Тәрбиемен қатар мәдениет дұрыс болуға тиіс. Абайша айтсақ, мәдениетсіз дүние бос. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет мәдени деңгейімізді көтеруге, таным түсінігімізді кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмысты жүргізді. «Мәдени мұра» бағдарламасымен басталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына дейін жалғасқан жұмыстардың барлығының да түпкі мақсаты елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздеді. Мұның бәрі дұрыс, елдің дамуы үшін қажет шаралар. Бірақ сонымен іс бітті деп отырамыз ба?», - деді сенатор.